Мәдениетіміздің бүгіні – Рухани жаңғырудың контекстінде

Жаңа заманға сай этникалық мәдениетті, этникалық рухты қалыптастыруда көп жағдайда мәселе мектепке тіреледі. Мектеп білім беру міндетімен шектелмейді, ол оқушының рухани негізін, жүріс-тұрыс нормасын қалыптастырады, өз бағытын айқындауға ықпал етеді. Алайда, мектептерде, зерттеудің нәтижесіне қарасақ, адами тәрбие құлдырауда. Балалар арасында нашақорлық 15 пайыз, ішімдік дәмін татқандар – 39, темекі шегетіндер – 17 пайыз болған. Ал, орыс тілді мектептерде өте нашар: темекі шегетіндер – 30 пайыз, есірткі қолданылатындар – 30, ішімдік ішетіндер – 67 пайызға жеткен. Темекі шегу, ішімдікті, есірткі заттарды пайдалану сияқты жат әдетке бейім балалардың жас шектелімі төмендеуде. Балалар арасындағы қылмыс, 2008 жылмен салыстырғанда, 2009 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындылары бойынша, 15,5%-ға төмендегені байқалса да, ауыр қылмыс пен кісі өлтірудің үлесі өзгеріссіз – 12%, ал тонаушылықтың үлесі 2%-ға өсіп, 72%-ды құраған, ішкі істер органдарында заңға қарсы әрекет жасаған 19 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала есепте тұр. 2008-2009 оқу жылының соңында жалпы республика бойынша 1 күннен 10 күнге дейін дәлелді себепсіз мектепке бармай жүрген 3512 оқушы анықталды. Көбіне мектепке бармайтын балалар пиғылы жаман адамдардың ықпалында кетіп қалып жатады. Оның үстінде мектептегі сыбайлас жемқорлық күн сайын өрши түсуде. Ізгілік өкілі мұғалім өзінің рухына осылайша балта шабуда. 2008 жылмен 2009 жылдың 1 жартыжылдығында сыбайлас жемқорлығы үшін 450 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8-і қызметінен босатылды. («Егемен Қазақстан» 31 тамыз 2009жыл.) Білім сапасы жайлы айтудың өзі ұят сияқты. «Мешел болып қалам демесең, бесігіңді түзет» — деген Мұхтар Әуезов өсиеті осылайша «жүзеге асуда». Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда «Қазақ тілділер» және «Орыс тілділер» деген дилемма орныққан. Осы жағдай елдің бірлігіне, әсіресе оның рухани, саяси өміріне кері әсерлерін тигізуде. Елімізде қазақ этносы алпыс пайызға жуықтады. Демографиялық үрдіс қазақтар үшін ерекше даму үстінде . Олай болса, елімізде ұлттық бірыңғай мектеп жүйесін ендіру қажеттігі туындап отыр, білім беру жүйесін де нақтылауымыз қажет, бүкіл тәрбие жүйесін этностық руханиятқа бейімдеу заман талабы болып отыр.

Жаңа тұрпатты мектеп моделін жасауда, ең алдымен, халқымыздың мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған рухани мұраларын ғылыми жағынан саралап, мектеп Тәрбиесінің идеологиясы етіп алу; Шетел тәжірибелерінен біздің ұлттық болмысымызға жақын қағидаттарды ендіруге болар еді. Айталық, француздардан ана тілін құрметтеу, тіл мәдениетін, немістерден этникалық тұтастануды, қытайлардан экономикалық этникалық ерекшеліктерді, ағылшындардан ана тілін 5-сыныпқа дейін тәптіштеп үйретуді, содан кейін ғана шетел тілдерін үйретуді, арабтардан ұстаздар мәртебесін биік ұстауды, оларды пір тұтуды, жапондықтардан оқу жүйесі мен тәрбиелеу жүйесінің нақтылылығын алуға болар еді.  Әрине, жылтырағанның бәрі алтын емес, эксперимент арқылы ендіру жөн.

Ұлттық рухтың аяқасты етілуінің бір көрінісі – қыз ар – намысынын, махаббат сезімінің құлдырауы. Қазір жастардың көшеде, қоғамдық көлікте, оқу ұйымдарының ғимаратында жұрттың көзінше сүйісетінін жиі көреміз. Темекі түтініне тұншығып, аузынан арақтың сасық исі аңқып, қасында келе жатқан жігітсымаққа желімдей жабысу-әдептілік пе? Қазақ қыздарына тән ұяңдық, ұстамдылық, биязылық қазіргі кей бір бойжеткендер бойынан безген? Қыздардың кісі өлтіру, тонау сияқты қылмыстарына баратыны, жезөкшелік, тәнін сату жасырын емес. «Батысқа еліктеу» — «жемісі». Қазіргі қыздардың бір-қатары ұлттық сезімнен айрылып, шекара таңдамай шетел жігіттеріне тұрмысқа шығатын болды. Оларға ұлттық рухтан гөрі доллар, евро құндырақ болып тұр. Махаббаттық сезімнің құнсыздануы өзінің құнсыздануы екенін түсінбей, мұхиттың аржағына, Африкаға, Европаға, Шығыс Азияға жол тартып жатыр. Ұлы дала тіршілігіне, қызды үй ұстауға, ел бірлігін, ошақ бүтіндігін сақтауға баулыған. Қыз намысы – деген үлкен ұғым. Қыз баланы әдептілікке тәрбиелеген. Осындай үлкен тәрбиеден өтіп, ел анасы атанған Домалақ ана, Қарашаш, Шоқанның әжесі Айғаным, ел билеген, ерлерше елін қорғаған Томирис сұлулық пен әдеміліктің, адалдықтың үлгілері болып ел есінде мәңгі сақталуда. Қазақ қыздарын осы аналар рухында тәрбиелеу қажет-ақ. Елдігімізді, қазақтығымызды сақтау үшін қажет. Махаббат көзі – қыз, әйел. Олай болса, ұлттық психологияда қыз намысын қорғау- қоғамның да, оқу орындарының да борышы. Рухани сусындамаған жерде тұрақтылық, сезімталдық болмайды. Қыздар ар-намысы, тәрбиесі туралы арнайы кодекс керек.

Талай қияметті бастан кешіп, жер бетінен құрып кетуге аз-ақ қалған қазақ халқы, тек бүгін ғана азаттық ауасын кеуде кере жұтып, өз мемлекетімізді құруға мүмкіншілік алып отыр.Сөйте тұра, білімсіз студент, біліксіз парақор ұстаз, оқу бағасының қымбаттығы, білім беру сапасының төмендігі қоғамның басты проблемасына айналды. «Өкінішке қарай, ғалым, инженер, педагог мамандығының қадірі кетіп, құты қашты», — деп мәлімдеді Н. Назарбаев. Сонымен бірге, ол ұлт күш-қуатын, дарыны мен мүмкіндігін мемлекет мүддесіне, оның игілігіне толыққанды пайдалану үшін «интеллектуалды төңкерістің» қажеттігін мәлімдеді. Оны қолдауға тиіспіз.