Бір сәтте шаңырақты көпбалалы отбасыға айналдырған нәрестелер шала туылғанымен, қазіргі жағдайы бір қалыпты. Дәрігерлер үйлеріне шығуға рұқсат берді. Жалпы жыл басынан бері өңірде 4 мыңнан астам сәби өмірге келген, оның 28-і егіздер екен. Ал 3 кішкентай ару облыс бойынша жыл басынан бергі туылған ең алғашқы үшем болып отыр.
«Мерзімінен ерте 33 апталық мерзімде босанды. Туғанда бірінші сәбидің салмағы 1 кг 890 гр, екіншісінің салмағы 1 кг 900 гр, ал үшінші нәрестенің салмағы 1 кг 920 гр болды. Аналарының омырауын емуі жақсы, қанағаттанарлық, қазір салмақ қосып жатыр. Қазір бәрі 2 келіден асты. Алдын ала екпелері жасалды», — дейді облыстық перинаталды орталықтың нәрестелер патологиясы бөлім меңгерушісі Базаркүл Рысбаева.
«Үш қызымды көтергенімді ең алғаш УДЗ арқылы білдім. Өте қатты қуандым, үлкен жаңалық болды. Отбасымызбен бірге қуандық. Дәрігерлер өздері қадағалауға алып, жақсы бақылауда болдым. Болашақта алтын алқа иегері болғым келеді», — деді қала тұрғыны Ботагөз Байкен.