Өзіндік интеграцияланған ауруханаларды басқару жүйесін дамытқан сайын, ҰМХ білім беру және қызметтердің сапасын арттыру үшін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің басқа да салалары бойынша жұмыс істейтін болады.
Әлемдік деңгейдегі медициналық орталықты құру елеулі ресурстар мен уақытты талап етеді. Клиникалар біртұтас жүйеге біріктірілуі тиіс. Жүйені тиімді басқару бір-бірін қайталайтын қызметтер мен функцияларды, қаржылық ағындардың қосылуын жоюға және тиімді аутсорсингке мүмкіндік беретін ұйымдастыруды талап етеді. Осыған байланысты, бірыңғай ақпараттық жүйе негізінде инфрақұрылымның, әкімшілік және қосалқы қызметтердің кезең-кезеңімен модульдік біріктірілуі жүзеге асырылады. Сондай-ақ бірыңғай логистикалық орталықты құру жоспарланып отыр. Ұйымдастыру құрылымын, бизнес үдерістерді, біліктілік талаптарын бірегейлендіру көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, қызметтің экономикалық тиімділігін арттыруға, сандық оңтайландыруға және т.б. ықпал етеді, бұл еншілес ұйымдардың толығымен медициналық және ғылыми-білім беру қызметтеріне шоғырлануына мүмкіндік береді.
ИАДСЖ әлемдік ғылыми және клиникалық қауымдастықпен ынтымақтастықта жұмыс істеу және Назарбаев Университетінің академиялық денсаулық сақтау жүйесінің шеңберінде клиникалық, ғылыми, сондай-ақ білім беру қызметін интеграциялау арқылы медициналық қызметтердің әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілікке жетеді.
ИАДСЖ білім беру мен медициналық қызметтерді жақсарту үшін қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қатысушыларымен жұмыс істейтін болады.
Ұлттық медициналық холдинг Президент Назарбаевтың Қазақстан Республикасының азаматтарына өңірлерде денсаулық сақтаудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін әлемдік деңгейдегі медициналық ұйымдарды құру жөніндегі пайымдауын қолдау мақсатында құрылған. Қазіргі уақытта ҰМХ-ның құрамына алты медициналық мекеме кіреді, олар: Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы. Олардың барлығы базаларында оқу, клиникалық практика жүзеге асырылатын, заманауи медициналық мекемелерге сай болу үшін міндетті шарт болып табылатын озық халықаралық медициналық аккредиттеуден өтуге ұмтылады. 2014-2015 жылдары ҰМХ-ның жетінші клиникасы – Ұлттық онкологиялық орталық құрылған болатын.
Ауруханалық басқарудағы халықаралық озық тәжірибені енгізу мақсатында ҰМХ Питтсбург Университетінің Медициналық орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады. Аталған ынтымақтастық консультациялық қызметтердің, клиникалық және білім беру, оның ішінде қызметтерді көрсетудің бірыңғай стандарттарын белгілеу қызметінің кең ауқымын қамтитын болады. Клиникалардың өндірістік қуатын тиімді пайдалануды арттыру және өндірістік көрсеткіштерді әлемдік стандарттарға сәйкестендіру үшін ауруханалық басқарудың заманауи әдістері енгізілетін болады.