Николас Кейдж

Фейк: Жалған суреттерді қалай анықтауға болады?

Сәйкессіздік іздеңіз

Суреттің фотошоппен өңделгенін мұқият қарап отырып та анықтауға болады. Ол үшін мына нәрселерге назар аудару керек:

  • Көлеңкелер мен жарық эффектілері. Суретте жарық қай жақтан түсіп тұр және оның көлеңкелері жарықтың бағытына сәйкес келе ме? Соған мән беріңіз;
  • Сурет бояуларының қанықтығы, түсінің өзгешелігі болуы мүмкін;
  • Суретті үлкейтіп, әрбір объекттің шеттерін қараңыз. Олар фотошоппен қиылып алынса, суреттің айналасы кедір-бұдыр болады;
  • Суреттегі мәтіннің сапасы.

Мысалы, 2012 жылы АҚШ президентіне үміткер болған Митт Ромнидің сайлау алдында түскен суреті бар. Онда балалардың жейдесінде үміткердің тегі жазылған. Сол суретті біреулер өңдеп, Romney дегенді money, яғни ақша деп өзгерткен.

Өзге суреттермен салыстырыңыз

Интернеттен сол суретке ұқсайтын суреттерді іздеңіз. Ол үшін Google, «Яндекс» браузерлерінің «Суреттер» бөлімін ашып, фотоаппараттың белгісін басу керек. Ашылған терезеге өзіңіздегі суретті жүктеп, ұқсастарын іздейсіз.

Google іздеу жүйесі
google.kz скриншоты

Осылайша браузер сізге қолыңыздағыға ұқсас суреттерді тауып береді. Арасынан түпнұсқасы да шығуы мүмкін.

Сондай-ақ, бір сурет бірнеше суреттердің құрастырмасы болуы да ықтимал. Егер ондай күдігіңіз болса, суреттегі объектілерді бөліп алып, дәл осылай іздеп көріңіз.

Бұдан бөлек TinEye, 29a.ch сервистерін пайдалануға болады.

Файлдың мәліметтерін тексеріңіз

Суреттің рас-өтірігін жай көзбен қарап анықтау қиын болса, тереңірек қазбалап, техникалық мәліметтеріне мән беріңіз. Метамәліметтер жасырын тұрса, күдіктенуге себеп бар. Ол үшін Izitru сервисіне жүгінуге болады. Бірақ ол 100% кепілдік бермейді, себебі суретті жүктеу кезінде біраз метамәліметтер өшіп қалуы мүмкін.

Суреттің өңделгенін фотошоппен де анықтай аласыз. Мысалы, сингапурлық фотограф  Чай Ю Вэйдің Nikon байқауында жеңімпаз атанған суреті өңделген болып шықты. Ол ұшақтың суретін өзі қосқан екен.

Фотография өнерін жетік меңгерген адам суреттің жалған-растығын тез аңғарады. Мысалы, түнде түсірілген суреттерде фотоаппараттың ұсталымы (выдержка) өте төмен болады. Ондай кезде тез қозғалатын нысандар бұлдырап түседі. Сол себепті түнде түсірілген суретте тез қозғалатын заттар анық бейнеленсе, ол фоторедактормен өңделген деген сөз.

Кәсіби ресурстарға жүгініңіз

Интернетте суреттің көптігі сонша, оның қайсы жалған, қайсы түпнұсқа екенін айыру қиын. Бірақ жалған суреттермен күрес жүргізетін Snopes мен Gizmodo ресурстары бар. Ауық-ауық осы ресурстарға да көз жүгіртіп отырған жөн.

Материал lifehacker.ru сайтынан аударылды