74 жастағы көкшетаулық Борис Нұғыманов әлем чемпионы атанды

Таяуда ғана Корей елінің Сеул қаласында кір тасын көтеруден әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 34 елден келген 500-ден астам ауыр атлеттер қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында көкшетаулық спортшылар абыройлы өнер көрсетті. Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 70-74 жастағы қариялар арасында сынға түскен қазақстандық азамат Борис Нұғыманов жұлқа және сілке көтеру әдістері бойынша әлем чемпионы атанды.

«Ауыр атлетикада жұлқа және сілке көтеру әдістері бойынша кір тасын көтеру оңай шаруа емес. Бұл әдістерді орындау барысында Кеуде және қол бұлшық еттеріне салмақ түседі», — дейді әлем чемпионы Борис Нұғыманов.

Сонымен қатар, ардагер қоссайыс бойынша да екінші орыннан көрініп, қос бірдей жүлдені қанжығасына байлап қайтты.

Естеріңізге сала кетейік, Борис Нұғыманов кір тасын көтеруден басқа ағымдағы жылы зілтемірді жатып көтеру бойынша Қазақстан чемпионы атанған болатын.

Енді келер жылдың мамыр айында ол Будапешт қаласында өтетін Еуропа чемпионатында дайындықты бастап кетті.