Жарқайың ауданының әкiмі болып Мұрат Балпан тағайындалды

Мұрат Сағатұлы, 1970 жылы Целиноград облысы, Ақкөл ауданында дүниеге келген. Жоғары бiлiмдi. Қарағанды мемлекеттiк техникалық университетiн және Көкшетаудағы Абай Мырзахметов университетiн тәмәмдаған.

Еңбек жолын 1989 жылы Ақкөл ауданындағы «Хлебороб» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Ақмола облысындағы жергiлiктi атқару органдарында көп жылдық еңбегi бар.

Әр жылдары Целиноград ауданында аппарат басшысы, Ақкөл ауданы әкiмiнiң орынбасары лауазымдарын атқарған. 2012 жылдың сәуiр айынан бастап, 2014 жылдың мауысым айына дейiн Бұланды ауданының әкiмi қызметiн атқарды. 2015 жылдан күнi бүгiнгi дейiн Ақмола облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы қызметiн атқарды.

«Ерен еңбегi үшiн» және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Аймақ басшысы, жаңа әкiмдi таныстырып, Мұрат Балпан мен аудан активi алдында бiрқатар мiндет қойды. Атап айтсақ, Мәлiк Мырзалин Жарқайың ауданында ауылшаруашылығы саласын одан әрi дамытуда терең өңдеуге баса назар аудару қажеттiгiн алға тартты. Ауданда жаңа өндiрiс орындарын ашып, iшкi инвестиция көлемiн арттыруды жүктедi. Әлеуметтiк саланы дамытуға да баса назар аударып, ауданда мемлекеттiк жеке серiктестiк арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар бердi.