Ofo велосипедтері қалай пайда болды?

Ofo компаниясы алғаш 2014 жылы Қытайда ашылған. Оның негізін салғандар — қарапайым 5 студент. Қазір ofo компаниясының әлемнің 17 еліндегі 180 қалада қызмет көрсететін орталықтары бар. Атап айтсақ, Қытайдан бастау алған стартап жоба Сингапур, Австралия, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Испания, Австрия, Таиланд, Чехия, Малайзия, Португалия, Израиль, Жапония, Нидерланд, Ресей және Қазақстанға таралған.

Ofo велошейрингі
©Ofo компаниясы

Биылдан бастап компания өз сервисін әлемнің көптеген елдеріне енгізуді жоспарлап отыр. 2017 жылдың соңына дейін тағы 20 елге ofo велосипедтерін жеткізу жоспарланған.

Ofo велосипедтерін қайдан алуға болады?

Қазір сары велосипедтер Алматы және Астана қалаларында қолжетімді. Алғашқы орталық елордадағы Назарбаев университеті мен Еуразия ұлттық университеттерінің  аумағында ашылған болатын. Ал ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының ауласына уақытша тегін қызмет жүйесі енгізілді.

Ofo велошейрингі
©Ofo компаниясы

Қазір оfo велосипедтерін Алматыдағы Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті және Нархоз университеттерінің аумағынан алып, тегін пайдалануға болады.

Велосипедті қалай пайдалану керек?

  1. Ofo велосипедін пайдалану үшін алдымен телефоныңызға «ofo» деп аталатын бағдарлама жүктеп алыңыз. Оны AppStore немесе PlayMarket-тен таба аласыз.
  2. Бағдарламаны жүктеп алған соң тіркелуіңіз керек. Ол үшін өзіңіздің телефон нөміріңізді, банк картасының нөмірі мен электронды поштаңызды көрсету жеткілікті. Құжат тасып, ресми органдарға тіркелудің еш қажеті жоқ. Ескерте кететін жағдай, қазір сервис уақытша тегін болғандықтан банк картасынан қаражат алынбайды.
  3. Тіркелген соң велосипедтің артындағы кодты телефон камерасына сканерлеу арқылы құлыптан ашасыз. Сканерлеу кезінде ұялы телефоныңызда Bluetooth қосулы болуы шарт. Осылайша сары велосипедті тегін тізгіндеп, қалаған жеріңізге бара бересіз.
  4. Межелі жеріңізге жеткен соң велосипедтің артқы дөңгелегін қайта құлыптап, жолда жүру ережесіне сәйкес тұраққа орналастыруыңызға болады. Сізден кейін тіркелген басқа адам оны GPS арқылы тауып, қолдана алады.

Ofo велошейрингі — теңдесі жоқ жоба

Қазір компания Қазақстанда сынақ жүйесін енгізгендіктен велосипедті қолдану уақытша тегін. Егер сынақ жүйесі сәтті аяқталса, сары велосипедтер қолданысқа енетін болады. Алайда, қолдану бағасының тарифі туралы ақпарат әлі белгісіз. Бірақ, сервис барынша қолжетімді әрі халыққа ыңғайлы болуын компания жан-жақты қарастырып жатыр.

Дәл қазір ofo компаниясының велосипедтері қыс мезгіліне сақадай сай. Ал 2018 жылдың көктемінде толыққанды жүйе іске қосылмақ.

Ofo велошейрингі
©Ofo компаниясы

Ofo компаниясының негізгі миссиясы — экологияны қорғау. Алматы —  ірі мегаполис. Сондықтан болар, көлік кептелісі, ауаның ластану деңгейі өте жоғары. Метроның салынуы, жер асты және жер үсті көпірлері мен жолдарының болуы, көлік бағыттарының ыңғайластыруы көлік кептелісін азайтуға әсер еткенімен, қаладағы басты мәселе әлі де болса нақты шешімін таба алмай келеді. Велосипедпен жүру денсаулыққа пайдалы, экологияға да еш зияны жоқ, кептеліс туғызбайтын және адамный жүйке-жүйесін шаршатпайтын спорт түрі. Сондықтан, қазақстандықтар үшін ofo велошейрингінің пайдасы көп.

Ofo велошейрингі әлемде теңдесі жоқ жоба. Ол адамдарды сенімге, жанашырлыққа жетелейді. Мысалы, бір адам жұмысына немесе оқуына велосипед теуіп барады. Келесі адам велосипедке мұқтаж болса, белгіленген жерден алып кетеді. Ofo велосипедтерінің арнайы велотұрақтары жоқ. Бұл әлем бойынша алғашқы велотұрақсыз және артық құжатсыз велошеринг сервисі. Сондықтан, қала тұрғындары аталған жүйеге үйренісіп кетуі үшін біраз уақыт пен тәжірибе керек. Қазір жүзеге асырылып жатқан сынақ мерзімі ішінде велосипед қолданушыларынан барынша қолдау керек. Уақыт өте келе қоғамда велосипед тебу мәдениеті қалыптасатынына сенімдіміз.

Ofo велошейрингі
©Baribar.kz, фото авторы – Хожантаева Айгүл

1 пікір

  1. Жақсы жоба, бірақ велосипедтері тым ауыр) 1 остановка жүрсең аяғың талад). камерасы жоқ, тек резинка дөңгелекте.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!