Алматыда тұлпарлар тарихы туралы кітап жарық көрді

Журналист Бағдат Мұхтарұлының бұл еңбегі халқымыздың атбегілік өнерін зерттейді. Талай бәйгеде керме үзген тұлпарлар мен Қамбар ата тұқымының сыны мен сырына үңіле білген атсейістер жайлы да осы туындыдан оқуға болады. Бұл –энциклопедиялық-анықтамалық кітап.

«Арғымаққа» арысы ұлы Абайдың 100 жылдығында бас бәйгені еншілеген атақты Кер ат пен Рим Олимпиадасының чемпионы Абсент, бертін келе Қазақ хандығының 550 жылдығы мен «ЭКСПО» көрмесінде топ жарған жүйріктер енген. Кітапта ұзын-саны 250 тұлпардың тарихы мен 100-ден астам атбегінің өмірі қамтылған.

Бағдат Мұхтарұлы, «Арғымақ» кітабының авторы: Мысалы, біз Құлагерді білеміз. Бірақ оның суреті қандай екенін, қай бәйгеден келгенін, қандай бәйгені ұтқаны нақты ешқандай дерегі мен дәйегі жоқ. Сондықтан келешек ұрпақ бүгінгі тұлпарлардың қай жерде бәйге алғанын, қандай тұлпарлар шапқанын біліп жүрсе екен деген мақсат қана.

Ғалымдардың зерттеуінше, 5,5 мың жыл бұрын жылқыны алғаш қолға үйретіп, игілігін көрген – біздің ата-бабаларымыз. Ал бәйге – қазақтың салтанатын көрсететін бекзада өнердің бірі. Халықтың қанына сіңген осы дәстүр бүгінгі күнде де жалғасып келеді.

Бақыт Жағыппарұлы, ақын, бәйге комментаторы: Жастардың қызығушылығы қазір көп. Мысалы, сіз қараңызшы, баяғы кезде, Кеңес дәуірі кезінде ат бапкерлердің барлығы сол елуден асқан, алпысты алқымдаған ақсақалдар болатын. Ал қазіргі бапкерлердің барлығы 25 пен 30-дың айналасындағы жігіттер.

«Арғымақ» кітабы әзірге 1000 данамен шығып отыр. Сұраныс болып жатса, қосымша тағы басылады. Автор кейінірек кітаптың екінші бөлімін шығаруды жоспарлап отыр. Ол уақытқа дейін талай тұлпарлардың туылып, талай атбегілердің өсетініне сенімді.