Көкшетауда көше атаулары жөнiнде қоғамдық талқылау өтті

Онда қалалық тiл саясаты және ономастика комиссиясының төрағасы, қала әкiмiнiң орынбасары А.Әмiренова ауыстырылатын көшелердiң жаңа атауларын ұсынды. Жиынға депутат Е.Исiмбаев төрағалық еттi.

Кесiмдi уақыт болмай жатып-ақ, залдың лық толуы қала тұрғындарының бұл мәселеге жеңiл-желпi қарамайтындығын аңғартқан едi. Расында да солай болды. Әр көше атауы аталған сайын қатысушылар ортаға өз пiкiрлерiн айтып, депутаттар дауысқа салып отырды. Ұсыныстар орынды шықса, ду қол шапалақпен қошталды, көңiлге қонбаса уәж көлденең тартылды. Қоғамдық пiкiрдiң мақсаты да осы — көпшiлiктi тыңдау, ойды салмақтау, пысықтау. Осы жолы қабылданған ұсыныстар бұдан әрi облыстық ономастикалық комиссия ғұзырына ұсынылады. Онда тағы сараланып барып, депутаттар қарауына жiберiледi.

Дегенмен, қисынды сөз бүгiн айтылып, болашақ көше атауының iргетасы бүгiн қаланбақ. Әркiм өзi тұратын көшенiң қыр-сырын, жағдайын бiледi. Көршi-көлемiмен ақылдасып келген орынды ұсыныстары бар. Мысалы, «Қаһармандар» атауы басқа көшеден гөрi Красный Ярдағы ауған соғысына қатысқандар тұратын көшеге берiлуi керек. Бiрлiк кентiнiң тұрғындары бұған дейiн көп қол жинап Ботаническая деген көшелерiн Байымбет батыр атымен атауды сұраған. «Теректi» деген қарапайым сөзден де тұрғындар ұсынысын қолдаған орынды, деп шештi депутаттар. Әлi атау берiлмеген «Нұрлы көштегi» көшелерге Жерұйық, Аманат, Бел-асар, Берен, Бәйге, Бәйтерек, Жаңа дәуiр, Жосалы, Заңғар, Қазына, Мирас, Шапағат, Шертер деген атаулар ұсынылды. Көкшетау қаласының өзiндегi Западная көшесiнiң Байдалы би, Капцевичтiң — Бәйкен Әшiмов, Восточнаяның Әлдебек би, Тихаяның Үмбетей жырау, Новоселовтың Бапан би, Заводскаяның Саққұлақ би, Мирзоянның Жұмағали Тлеулин аталуына үлкен-кiшi дүркiрете қол соғып қуаныштарын бiлдiрсе, ол қисынсыз атаулардан құтылып, елге еңбегi сiңген, тарихта есiмi қалған ардақтыларымызды мадақтау, құрметтеуге бiлдiрiлген шын ризашылық нышаны едi. 8-шi Март, Красный Ярдағы Мир көшелерiне бiрнеше ұсыныстардың қатар түсуiне байланысты атауларын өзгертудi кейiнге қалдыру ұйғарылды. Жалпы, тарихи тұлғаларға қала орталығынан лайықты көшелер берiлуi керек деген тоқтамға келдi жиын. Сондықтан, ұсыныстар алдын ала ономастикалық комиссияға ұсынылып, тұлға жөнiнде толыққанды мәлiмет-деректер жиналып, мұқият талқылануы керек. Ең бастысы, бұл жолы 28 көшенi өзгертуге ұсыныс жасалған болса, алға қарай бұл жұмыс жоспарлы түрде жалғасын таппақ. Демек, өткенiмiздi екшеп, бүгiнiмiздi зерделеп, сүйiктi қаламыздың көшелерiн лайықты тұлғалар атымен атауға атсалысайық.