Босанғаннан кейінгі күйзеліс деген не?

Ол — ауру. Әйел босанғаннан кейін оның ағзасы толығымен қайтадан қалпына келеді. Соған байланысты гормондық өзгерістер болады. Бұл адамның көңіл күйіне де әсер етеді. Ол уақытта кейбір әйелдердің ештеңеге көңілі толмаса, екіншісінің көңілі босап, жылай беруі мүмкін. Үшіншісінің мінезі тіпті өзгеріп кетеді. Ондай кезде әйелді ешкім түсініп, қолдау көрсетпесе, күйзеліске соқтырады.

Ажар Сұлтанова
Ажар Сұлтанова, психолог. Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Жаңа босанған әйелдің күйзелісі ұзақ уақытқа созылады. Ол екі, үш ай, тіпті бір жыл уақытты қамтуы мүмкін.

Неден пайда болады?

Әйел адамдар босанғаннан кейін неге күйзеліске түседі? Ең бірінші — генетикалық тұқым қуалаушылық. Егер әйелдің туысқандарының бірінде күйзеліс болса, оның да  ұшырауы мүмкін.

Екіншіден, стресс әсер етеді. Әйел өте ауыр босанған болуы мүмкін. Көбі соны ескере бермейді. Мысалы, кесір тілігі арқылы босанатын әйелдер бар немесе кейбір әйелдің босану кезінде жатыры жыртылып кетуі мүмкін. Оның бәрі ауырады. Өзімнің басымнан дәл сондай жағдай өткен. Ондай кезде тұру, тамақ істеу, келген қонақты күту — қиынның-қиыны. Тек жата бергің келеді. Тұрсаң, ауырғаны соншалықты, жаныңды қоярға жер таппай қаласың. Осыған байланысты әйелде физикалық стресс пайда болады. Мені бұл жағдайдан жақындарымның қолдауы алып шықты.

Үшіншіден, отбасындағы күйеуімен, туысқандарымен болатын түсініспеушіліктер. Босанғаннан кейін әйелдің гормондары оны тез ашуланатын, жылауық қылып жіберуі мүмкін. Көңіл күйі де құбылмалы болады. Жақындары осыны түсінбегендіктен, араларында ұрыс-керіс болады. Бұл да күйзеліске соқтырады.

Төртіншіден, назардың жетіспеушілігі де әсер етеді. Бізде қалай? Аяғы ауыр әйелді көрсек, әлемде одан асқан сұлу жоқ деп, асты-үстіне түсеміз, ауыр зат көтертпейміз, автобуста орын береміз. Ал босанғаннан кейін жаңағы назардың бәрі оның баласына ауып кетеді. Әйелге ана ретінде ешқандай көңіл аудармаймыз. Бұл да оған қатты әсер етеді. Ондай кезде әйел өзін бала туып берген соң ешкімге керексіз болып қалатын құрылғы сияқты сезініп қалады. Сол себепті назар ана мен балаға теңдей бөлінуі керек.

Ажар Сұлтанова
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Босанудан кейінгі күйзелістің белгілері

  1. Босанғанына бір айдан асса да, әйелдің көңіл күйі болмай, ештеңеге көңілі толмай жүрсе; мінезі қайтадан бұрынғы табиғи қалпына келмесе, жақындары ойлануы керек. Мүмкін ол босанудан кейінгі күйзеліске ұшыраған шығар?
  2. Ұйқының бұзылуы. Әдетте, күйзеліске түскен адам ұйқысыздыққа ұшырайды немесе ұйықтай беретін болады. Әрине, жас босанған ананың ұйқысы төрт бөлінеді. Бірақ сонда да бұны назарда ұстау керек.
  3. Ангедония. Ол — адамның өмірден, бұрынғы қызығушылықтарынан ләззат ала алмауы. Бұрын әйелді қуанышқа бөлеген заттар енді оған мүлде әсер етпейді. Мысалы, егер ол бұрын какао ішкенде рахат бір сезімге бөленсе, сол үшін қуанатын болса, босанғаннан кейін оған түк мән бермейді. Алдына какао әкеліп қойсаң, бір қарап отыра береді. Немесе бұрынғы сүйікті фильмдерін енді көргісі келмейді. Міне, бұл адамның күйзелісте жүргенін бірден көрсетеді.
  4. Әйелге небір қорқынышты ойлардың келе бастауы. Ол өзін ешкімге керексіз, нашар ана сезінуі мүмкін. Бұл суицидке әкеледі. Сол себепті де күйзеліске немқұрайлы қарауға болмайды. Өзі жазылып кетеді деп, созып жүре беруге болмайды. Кәсіби маманға жүгіну керек.

Қалай емделу керек?

Негізгі емі — психотерапия мен психиатрдың тағайындап берген дәрі-дәрмектерін қабылдау. Бірақ біздің қоғамда «психиатрға бару — ұят» деген стигма бар. Көбі «оған қаралатындай жынды емеспін ғой» деп ойлайды. Шындығында, бұл аурудың өте қатты тарағаны соншалықты, одан ұялатын ештеңе жоқ. Егер әйелге кәсіби көмек көрсетілсе, ол ана болу бақытын сезінеді. Кейбіреулер аяғы ауыр кезінде үлкен бір бақытты күтіп жүреді. Жуырда ана атанамын, бәрі жақсы болады деп ойлайды. Босанғаннан кейін ол өзі кеткендей бақытты сезінбеуі мүмкін. Сөйтіп, ана деген ардақты атақты ауыр жүк ретінде қабылдай бастайды. Сондықтан күйзеліске түскен жас ананы кәсіби маманға апару керек.

Қазақы әшекей
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Әрине, кейбір әйелдер өзінің босанудан кейінгі күйзеліске түскенін біліп, өзімен жұмыс істейді, ойларын ретке келтіреді. Бірақ бұл көп әйелдің қолынан келе бермейді. Екінің бірі өзінің күйзелісте жүргенін аңғармайды. Мәселе осында. Кез келген әйел туысқандарына: «Мен босанудан кейінгі күйзелісте жүрмін. Маған сендердің қолдауларың қажет. Сіз маған баланың күтімімен, тамақ істеумен, келген қонақтарды күтумен көмектесіңіз. Ал мен өз-өзіме келіп алайын, балаға көңіл бөлейін»,- деп айта алмайды. Сол себепті оларға кәсіби маманың көмегі керек.

Осы жерде тағы бір айта кететін мәселе бар. Көбі психотерапевтерге қаралуды бос әурешілік деп санайды. «Оларға нақты мәселемен барсаң, балалық шағыңда не көргеніңді қазбалап, басыңды ауыртады» дейді. Кейбіреулері басқаларға айтып қояды деп ойлайды. Оларға айтарым: кәсіби психолог сіздің айтқыңыз келмегеніңізді айтуға мәжбүрлемейді. Картаңызды ашу-ашпау сіздің еркіңізде. Кәсіби маман сізге тек бағытты көрсетеді. Екіншіден, біз сіздің келгеніңізді, не айтқаныңды ешкімге  айтпаймыз.

«Босанудан кейінгі күйзеліс бұрын да болған»

Босанудан кейінгі күйзеліс деген жаңалық емес. Бұрын да бұл туралы ғылыми зерттеулер болған. Демек ол баяғыдан бері бар. Тек қазір ол туралы жиі айта бастадық. Бұл жақсы. Бүгінгі адамдар бұрын «ұят» деп саналатын нәрселерді ашып айта бастады. Мысалы, бұрын әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықты айтудан ұялатын. «Қол сынса, жең ішінде» дейтін. Қазір айтатын болдық. Оларға көмек те көрсетіле бастады.

«Босанудан кейінгі күйзеліс баланың болашағына әсер етеді»

Босанудан кейінгі күйзеліске көп әйел ұшырайды. Оның салдары қорқынышты. Бұндай кезде әйел өмірге қуанышпен қарай алмайды. Тіпті, балалы болғаны үшін қуанып, оған мейірімін төге алмайды. Бұл туралы өте көп зерттеулер жасалды.

Ажар Сұлтанова
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Анасы босанудан кейінгі күйзеліске ұшыраған баланың ақыл-ойы кеш жетіледі. Олар интеллектуалды тұрғыда әлсіз болады. Көптеген нәрселерді түсінбейді. Эмоционалды тұрғыда алғанда өзінің қатарластарынан кіші. Осыдан мектепте көптеген мәселелер туындайды. Ондай балалар достаса алмайды, адамдармен қарым-қатынасқа түсе алмайды, оқуға зейін қоя алмайды. Неге олай? Себебі олардың аналары күйзелісте болып, баласына жеткілікті махаббат бере алмаған. Оның әрбір қылықтарына толықтай қуана алмайды. Сол себепті де баланың жетілуі баяу жүреді. Ондай балалар күйзеліске түскіш, өзге де психикалық ауытқуларға бой алдырғыш келеді. Оларға өмір сүру қиын. Сондықтан босанудан кейінгі күйзеліске көз жұмып қарауға болмайды. Ол баланың да болашағы деп қарау керек. Себебі отбасында махаббаты тарататын орталық — ана. Егер ана бақытсыз болса, бала да сондай болмақ.

Мен де анамын. Кейде құрбылармызбен отырғанда, ашу үстінде баламызға қалай ұрсып жібергенімізді, кейін ол ісіміз үшін қатты өкінгенімізді айтамыз. Бұл жағдай барлық аналарда бар. Бірақ ана күйзеліске түскенде бұндай негативті жағдайлар жиі орын алады. Кейде ол тіпті экстремалды болуы мүмкін. Мысалы, жақында интернеттен бір видеоны көрдім. Әйел баласын көтеріп, жұбатып жатады. Қанша жұбатса да жылағанын қоймаған кезде, ашуланып, баласын жерге лақтырып жібереді де, бірден қолына алып, баласын бауырына басады. Міне, күйзеліс осындай жағдайларға да әкелуі мүмкін. Маған бұндай жағдайлармен келетін аналар көп. Сол себепті жақында босанған әйелдерге түсіністік танытуымыз керек. Оларды сөгудің орнына, қолдау көрсетейік.

Бізде келін бәріне үлгеру керек деген ұғым бар. Үйге қонақ келді ме, келін жүгіріп күтуі керек. Бірақ келін ана атанғанда оған қолдау керек. Үнемі емес, жоқ дегенде алғашқы айында. Сол себепті балаға бауы берік болсын айтып барғанда қонақ болып отырып алмай, керісінше, тамақ істесіп, үйін жинауға көмектесіп, баланың жаялықтарын жуып беріп кетейік. Немесе келген қонақтарды жас ананың өзіне күттірмей, оған жақын-жуықтары, тіпті енесі көмектессе екен. Әйел босанған соң бұрынғы қалпына келуі үшін бір айдай уақыт қажет. Осыны түсінсек екен.

Өкінішке орай, жас аналардың көңіл-күйі болмай жүрсе, көптеген енелер немесе абысындары «Жалғыз сен ғана бала тапқан жоқсың. Бәріміздің де басымыздан өткен», «Сендер қайта бақыттысыңдар. Біздің кезімізде памперс те болған жоқ» деп айтады. Иә, солай. Олардың кезінде памперс болмағаны рас. Бірақ босанудан кейінгі күйзеліс қай заманда да бар және ол өзгерген жоқ. Бәрі бірдей қиналады. Иә, бұрын аналарымыз да осындай күзелістерді басынан өткерген болар, бірақ олар ешкімге тіс жармай, тек іштей тынып жүре берді. Себебі ол кезде бұл туралы айту ұят саналатын. Бір жерлері ауырса да іштен тынатын. Неге? Себебі ол кезде жеткілікті мамандар жоқ еді. Бірақ қазір заман басқа.

Ажар Сұлтанова
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Психологтан кеңес

Ұшаққа отырған кезде стюардессалар «Апатты жағдай орын алғанда масканы бірінші өзіңіз киіңіз, кейін балаңызға кигізіңіз»,- деп айтады. Бұл да сондай. Ана бірінші өзінің жағдайын жасамаса, баласына жеткілікті көңіл бөле алмайды. Сондықтан бірінші аналардың жағдайын жасау керек. Барлық аналарды сол «масканы» киюге, көмек қажет екенін сезсе, сұрауға шақырамын.

Ал басқаларыңызға айтарым, жас бала көтерген ананы көрсеңіз, қол ұшын созуға әзір болыңыз. Ауыр заттары болса, көтерісіп жіберіңіз. Автобуста немесе ұшақта, пойызда жас балалы аналарды көрсеңіз, 5 минут болса да, баласын ойнатыңыз. Ана 5 минут болса да өз-өзімен болсын. Тынықсын.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!