Осыған байланысты Ішкі істер департаменті қызметкерлері және жеке сот орындаушыларының қатысуымен арнайы «Борышкер-2017» рейді өтіп жатыр. Бұл шараның ерекшелігі айыппұлдан жалтарғандар «Сергек» фото-бейне тіркегіш камераларының көмегімен анықталды.
Жол сақшыларының қолындағы планшеттер «Сергек» камераларына блютуз арқылы қосылады. Жол бойындағы көлік иелерінің қарызы болса, сол мезетте-ақ білуге болады. Көліктің нөмірі мен маркасы туралы толыққанды ақпарат беріледі. Жол-патрульдік полициясы мұндай жағдайда оларды тоқтатып, ескерту жасайды, ал қарызы қомақты болған жағдайда шара қолданылады.
Тахир Абдурахманов, Астана қаласы ІІД әкімшілік басқарма бөлімінің басшысы:
Келесі аптада тағы 220 планшет рейд кезінде қолданыла бастайды. Олар жол-патрульдік полицейлері мен жол полициясының мамандандырылған батальонына беріледі. Сәйкесінше жолда тоқтатылатын борышкерлер саны да әлдеқайда көп болмақ.
Сот орындаушыларының айтуынша, енді айыппұл сомасы қомақты болса, көлік айып тұрағына әкетіледі. Яғни борышкер қарызын өтегенше, қайтарылмайды.
Айгүл Мамырханова, жеке сот орындаушысы:
Егер де алимент көлемі 500 мың теңгеден асып кетсе, және де борышкер қарызын 10 күн ішінде төлемеген жағдайда, жеке сот орындаушылары көлікті аукционға қойып, сатып жіберуі мүмкін.
Астана қаласында осы жылдың 10 айында 255 372 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Ал жалпы айыппұл сомасының 50 пайызы, яғни 1 миллиард теңгеден астамы ғана өндірілген. Ал бүгінгі рейд барысында тоқтатылған бір ғана көлік жүргізушісінің айыппұлды төлемегеніне 3 айдай болған.
Жол-патрульдік қызметкерлері мен сот орындаушылары бірігіп, алимент және салық төлемей жүргендерге осылайша талапты күшейтті. Тіпті қарызды алысқа ұзамай-ақ банк картасы арқылы төлеуді ұсынып отыр. Ал «Борышкер» операциясы 30 қарашаға дейін жалғасады. Әзірге арнайы планшеттермен тек 10 жол-патрульдік қызметі жабдықталған. Ал рейдтер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.