Әрине, баспаналы болу – әркімнің арманы. Әсіресе, үй қожайынының келесі айда пәтерді босат дейтін күтпеген шешімінен жалыққандар үшін бұл – тым-тым өзекті мәселе. Десек те, ипотекалық несие беруші банктер ұсынған пайыздық мөлшерлеме бойынша артық ақша төлеу де оңай емес. Тұрғын үй несиесі бойынша берілетін ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 15-20%-дан жоғары болса, бұл – біраз ойланарлық жағдай.
Мәселен, бастапқы бағасы 10 млн теңгені құрайтын пәтер құнын банк ипотекасына салып, есептеп көрейік. Алғашқы жарна ретінде құя алатын пәтер бағасының 30%-ы қолыңызда бар болса, қалған 7 млн теңгені сіз банктен жылдық 15%-дық мөлшерлемемен несиеге аласыз. Бұл жағдайда сіз 4,7 млн теңгеге жуық ақшаны, яғни сатып алынған пәтер бағасының 50%-ындай соманы үй құнының үстінен төлеп жіберуіңіз мүмкін.
10 жыл бойы пәтер жалдап тұру да жақсы тәсіл деуге келмейді. Себебі орта есеппен алғанда Алматы және Астана қалаларында жалға берілетін пәтер бағасы ай сайын 100 000 теңгені құрайды. Өзге аймақтарда бұл көрсеткіш 50-70 мың көлемінде. Енді осы 100 000 теңгені 12 айдан 10 жылға есептейтін болсақ, бұл 12 000 000 млн теңге болмақ. Сонда сіз 10 жыл бойы пәтер жалдап, 12 млн теңге жұмсай отыра, түбінде баспанаға қол жеткізе алмай қала бересіз.
Елімізде жоғарыда аталған екі әдістен бөлек баспаналы болудың тағы бір жолы бар. Бұл – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынатын мүмкіндіктер. Аталған қаржы институтынан ресімдеуге болатын жылдық мөлшерлемесі 3,5-5%-ды құрайтын ипотекалық несие қаражатыңызды барынша үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол үшін банктен шот ашып, мүмкіндігінше сол шотты ай сайын толықтырып отыру керек. Ал өзіңізге қажетті пәтер бағасының 50%-ын жинаған соң банк сізге қалған соманы 3,5-5%-дық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген заем ретінде береді.
Әрине пәтер бағасының бастапқы 50%-ын жинау оңай емес, Бірақ ТҮҚЖБ ұсынып отырған депозит жүйесі мұны тиімді жомлен жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, жеке есепшотқа қаражат жинақтау барысында салымшы ақшасына 2% көлемінде банктен сыйақы беріледі. Оған қоса, жыл сайын мемлекет 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% сыйлықақы тағайындайды.
Сондай-ақ банк клиенттері қажетті соманы мейлінше тез жинау үшін отбасының әр мүшесіне жеке есепшот ашып, «Отбасылық пакетті» пайдалана алады. Бұл жағдайда мемлекеттік сыйлықақы әр шотқа бөлек тағайындалады. Мысалы, клиент жыл басынан бастап өзінің, жұбайының және баласының атына ашылған үш шоттың әрқайсысына 15 мың теңгеден салып отырса, жыл соңында әр депозит бойынша мемлекеттік сыйлықақы алады. Оның үстіне әр шотқа 2% көлемінде банк сыйақысы қосылады.
