Оралда жас полиция көмекшілерінің слеті өтті

Жалпы полицияға көмектесетін студенттік жасақтар облыста 2006 жылдан бері жұмыс істеуде. Осы уақыт аралығында олар өздерін тек жақсы қырынан көрсете білді. Жасақтар, негізінен, Оралдағы үш ірі оқу орны: М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ және ҚазИТУ студенттерінен тұрады. Слетте БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы М.Ғабдуллин, ҚазИТУ ректоры А.Әйтімов, Орал қаласы ЖПҚ басшысы М.Жәрдемов, шаһар әкімшілігінің жауапты тұлғалары, ЖОО-лардың оқытушылары сөз сөйледі. М.Ғабдуллиннің айтуынша, күні бүгін облыстағы полицияға ерікті көмекшілер жасақтарының саны 235-ке жетіп, 2174 адамды құраған. Студенттік жасақтардың басты міндеттері – құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті сақтауға жәрдемдесу, жастардың қылмысқа баруын болдырмау, олардың заңды мүдделерін қорғау, жас азаматарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Қазір қаладағы қоғамдық тәртіптің бұзылмауын үш жоғары оқу орнында құрылған, 75 студенттен тұратын жасақтар қадағалауда. Учаскелік полиция инспекторларымен бірге студенттер ЖОО және оған жақын орналасқан аудандарда қылмыстың алдын алумен айналысуда. Осы студенттер арасынан оқуды бітіргесін полиция қатарына жұмысқа қабылданған жастар да жетерлік. Тек биылдың өзінде 16 түлек ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Оған қоса белсенді жасақшылар қалалық ІІД тарапынан 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақымен марапатталуда. Бүгін 7 студентті марапаттадық, жыл аяғына дейін 16 студентті қаржылай көтермелейміз, — деді Орал қалалық ІІБ ЖПҚ басшысы М.Жәрдемов.

Айта кету керек, қалада «Қауіпсіз аула» бейнебақылау жүйесі іске қосылған. 246 камера жұмыс істеуде, 200 камера жақында іске қосылады. Слет соңында ішкі істер органдарының басшылығы белсенді жасақшыларды қаржылай сыйақымен және алғыс хаттармен марапаттады.