Павлодарда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтеді

Шараның мақсаты — азаматтық қоғам ұйымдары, бизнес пен мемлекеттік билік органдары арасындағы әріптестік қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ету.

Жәрмеңкеде үш бағыт бойынша  жобалар ұсынылады. Олар: мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, тұрғындар мен жастардың әлеуметтік осал топтарын қолдау, экология және өлкетану, азаматтық қоғам ұйымдары мен әлеуметтік кәсіпкерлікті, қолөнер кәсібін дамыту.

Жобаларда ҮЕҰ қызметін дамытуға арналған идеялар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілік бағыттары қамтылған. Іс-шараны өткізу барысында өңірдің мүдделі мекемелері мен азаматтық секторы өкілдерінің арасында меморандумдарға қол қойылмақ.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесі өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған пікірталас алаңында іс-шараға қатысушылар  пікір алысып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алады.