Медициналық сақтандыру қорының қызметі қалай бақыланады?

Міндетті медициналық сақтандыру қоры заңға сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыру жарнасын қабылдайды. Сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлеуге міндетті. Ал қаржының тұтастығы қалай қамтамасыз етіледі ұйым қызметін кім бақылайды деген мәселелер көпшілікке әлі беймәлім.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2017 жылдың 6 қазанына дейін қордың Ұлттық банктегі шотына түскен қаржы көлемі 13,2 млрд теңге. Жалпы түскен соманың шамамен 80 пайызы немесе 10,6 млрд теңгесі жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 2,6 млрд теңгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Қор қызметін бақылайтын жалғыз акционер – ҚР Үкіметі. Қор корпоративтік басқару жүйесіне негізделген. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның директорлар кеңесіне Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Елена Бахмутова, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов мүше. Тәуелсіз директорлар қатарында Гинтарас Кацявичус, Жаннат Ертілесова, Абылайхан Оспанов та бар. Сонымен қатар, қор жанынан құрылған Қоғамдық кеңеске Парламент пен ҮЕҰ өкілдері, «Атамекен» ҰКП мүшелері қабылданған.

Қор өз активтерінің 30 пайызы көлемінде күтілмеген шығындарға арналған резерв қалыптастырады. Өз кезегінде бұл ұйым қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етпек.

МСҚ инвестициялық қызметі Ұлттық банк арқылы жүргізіледі. Қор активтерін инвестициялық басқару операцияларын да еліміздің бас банкі есепке алып отырады. Оған қоса, қорда табыс пен шығынды үйлестіру тетіктері қарастырылған. Яғни, медициналық қызметтер жинақталған қаржының мөлшеріне қарай сатып алынады деген сөз.

«МСҚ түскен қаржыдан табыс табуды мақсат етпейді. Жинақталған қаржы толығымен медициналық көмекті сатып алуға жұмсалады. Десе де, азаматтар қажетті көмекті ешбір шектеусіз алатын болады», — деп түсіндірді сарапшы Серік Тәңірберген.

ДереккөзBaq.kz