Ерейментау ауданында биыл тіркелген 1728 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда

«Ерейментау ауданында шағын және орта бизнесті дамыту туралы» тақырыбында ақмолалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Ерейментау ауданына баспасөз турына барды.

Жиһаз өндіруші «Компания Сегмент» ЖШС-ның басшысы Юлия Бачевскаяның айуынша, кәсіпорын алғашқыда жеке кәсіпкерлік ретінде құрылған. Бұл — Юлия мен жұбайы Евгений Бачевскийдің отбасылық кәсібі болып табылады. Кәсіпорын шамамен жиһаздың 12 түрін шығарады. Атап айтқанда, шкафтар, төсек-орындар, диван, т.б. тұрмысқа керекті түрлерін. Негізінен, тапсырыс бойынша жұмыс жасайтын кәсіпкерлер Ерейментаудан бөлек, Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларында да тұтынушылары барын жасырмады.

Отбасылық бизнеспен айналысатын Калиевтердің Ерейментауда «Асылсат» мейрамханасы, «Думан» дүкені, наубайхана мен моншалары бар. Шамамен 70 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2009 жылы құрылған «Калиев» ЖК-нің басшылары – Арман Баткулинов, Сәуле Калиева және Талғат Калиев. С.Калиева: «Біз кәсіпті 1996 жылдары базардан бастадық. Қостанайдан тәтті тағамдар, ұн әкеліп саттық. Жалға дүкен алдық. Кейін киоск, дүкенге ғимарат сатып алдық. Қазір ол дүкен «Думан» деп аталады. Бұдан кейін бұрынғы қалалық наубайхананы сатып алдық. 2012 жылы «Даму» қорынан бизнестің жол картасы бойынша несие алған болатынбыз. Бүгінде қаланы, бірнеше елді-мекенді нанмен қамтамасыз етіп отырмыз», — дейді.

«KazArms» ЖШС — жеке қорғаныс құралдарын және белсенді қорғауды қамтамасыз ететін отандық тауар өндірушісі, арамид материалдарының оқпен соғатын дулыға дайындайтын алғашқы қазақстандық кәсіпорын. Филиалдың директоры – Руслан Крафт. Кәсіпорын алғашына 2014 жылдың басында Астана қаласында құрылып, 2016 жылдың ортасында Ерейментауға ауысады. Мұнда 50 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшыларды тасымалдайтын көлік алу, сонымен қатар, бронижилеттер шығару жоспарланған.

«Болтабаев» ЖК наубайханасы нан өнімдерін пісіреді. Тәулігіне 2 мың нан пісіріп, ауданды толықтай қамтып отыр. Шағын ғана наубайхананың ашылғанына 6 жыл болған. Наубайхана басшысы – Джанат Болтабаев. Мұнда 10 ерейментаулық жұмыс істейді. Алдағы уақытта өнімдердің түрін көбейтіп, қызметкерлер санын ұлғайтуды жоспарлап отыр.