Димаш Құдайбергенов Қытайда алғашқы ән кешін береді

Қазақ әншісінің шетелдегі тұңғыш шығармашылық кеші жайлы «Димаш-Əли» шығармашылық орталығының жетекшісі, Димаштың әкесі Қанат Айтбаев айтып берді.

«Қытайдың аумағында өтетін Димаштың жеке концерті 16 желтоқсан күні Чаңша қаласында басталады. Қаңтар айында тағы бір үлкен қалалардың бірінде жалғасады. Бұл 27 маусымда ЭКСПО-ның аясында өзіміздің туған жерімізде, Астана қаласында өткен концерттің жалғасы іспетті»,- деді Қ.Айтбаев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Димаштың ән қоржынына әр түрлі елдің туындылары енбек.

«Әрине, әр елдің тілдік ерекшелігіне байланысты концерттік бағдарламаларға өзгерістер енгіземіз. Яғни, ағылшын, француз тілдеріндегі әндерден бөлек қай елге барса сол елдің тіліндегі шығармаларға көбірек басымдық беріледі. Алайда, Димаштың кеші қай мемлекетте өтсе де әлемдік өркениетке қосылған қазақтың әндері ерекше дәріптелетіні сөзсіз. Бұл жағында халықаралық деңгейдегі көптеген композиторлармен жұмыс жасалып жатыр. Оның барлығы Димаштың репертуарына енгізілетін болады. Сонымен қатар, ән жинақтары да дайындалып жатыр», — деді ол.

Айта кетейік, Димаштың шетелде өтетін тұңғыш концертінің билеттері 20 қарашадан бастап ресми түрде сатыла бастайды.

ДереккөзEgemen.kz