Мен де қандай да бір таңдау болмады

Мектеп қабырғасынан бастап спортпен айналыстым. Ауылым кішкентай болғандықтан, мен де қандай да бір таңдау болмады (Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылы). Сондықтан әр спорттың басын бір шалдым. Спортпен ғана емес, ақындықты қолға алып, журналистикамен де таныстым.

Студент кезімде жеңіл атлетика, дзюдо, қазақша күрес, самбо сынды спорт түрлерімен айналыстым. Жоғарғы оқу орнына түскен кезде джиу-джитсу спорт түрі кеңінен дамып жатқан еді. Джиу-джитсумен қоса грэпплинг спорт түрімен де шұғылданып, жарыстарға қатысуды бастадым. Жарысқа шығып жүрсем де, джиу-джитсу мен грэпплингтің ережелерін толық меңгермеген едім. Жарыс уақытында тек дзюдодан үйренген әдістерімді пайдаландым. Джиу-джитсу ережесіз күрес болғандықтан, аса қиындық тудыра қойған жоқ. Негізі, аталмыш спортпен кәсіби түрде айналысамын деп ойлаған жоқпын.

Сөзбен емес, іспен дәлелдегенді жөн санаймын

Алғаш рет шаршы алаңға 2015 жылы «Алаш Прайд» кәсіпқойлар арасында өткен Халықаралық ережесіз жекпе-жекке шықтым. Шыны керек, ата-анамның рұқсатынсыз. Себебі ата-анамның уайымдайтын болғандықтан, оларға айтпауды жөн көрдім. Бір жағынан олардың қарсы болатынын білдім. Ал жарысқа досымды қолдауға барамын деп айтып кеткенмін. Дегенмен, жарыс теледидардан тікелей эфирде көрсетіліп, ата-анам менің досымды қолдауға емес, өзімнің күш сынасуға кеткенімді білді. Бірақ қазір спортпен айналысуыма қарсы емес. Мүмкін көздері үйреніп кеткен болар…

Мен жоспарыммен бөліскенді ұнатпаймын және ол туралы ешкімге айтпаймын. Өйткені өзгелер білсе, орындалмай қалатындай көрінеді. Және де сөзбен емес, іспен дәлелдегенді жөн санаймын.

Болашақ чемпион Нұрсұлтан Орынбасаров

Спорт саласына бет бұрмағанда, әскери қызметкер болар едім..

Мамандығым — программист. Бірақ өзімді ол салада көрмеймін. Өмірімді спортпен байланыстырғым келетінін колледжде оқып жүргенде-ақ түсіндім. Қазіргі уақытта барлық уақытымды спортқа арнаймын және арман-мақсаттарымды спортпен байланыстырамын. Ал бүгінде спорт — менің өмірім…

Әкем отставкадағы әскери адам (офицерлерді, генералдар мен адмиралдарды белгілі бір жасқа жеткенде немесе денсаулығына байланысты әскери қызметтен босату). Әкем менің өзінің жолын қуғанымды қалады. Мен де әкемнің жолын жалғастырып, әскери қызметте  жұмыс атқарамын деп ойладым. Әскери кафедраға оқуға түсіп, лейтенант дәрежесін алдым. Бәлкім, спорт саласына бет бұрмағанда, әскери қызметкер болар ма едім…

Болашақ чемпион Нұрсұлтан Орынбасаров

Бапкерлікті тастап кете алмаймын

Ауылымда жаттығу залы болмағандықтан, қалаға келіп дайындалатынмын. Уақыт өте келе жетістіктерге қол жеткізгеннен соң, 2013 жылы «Сағадат батыр» атауымен ауылымда жаттығу залын аштым. Бапкерлікті 20 жасымда бастадым. Әрине, тым ерте деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ мұндағы мақсатым өз білгенімді інілеріме үйрету, ауыл балаларының армандарына қанат бітіру болды. Алғашында 4-5 баланы жаттықтырдым. Кейін бала саны 20-ға  жетіп, қазіргі кезде 80-ге жуық шәкірт даярлап отырған жайым бар.

Өзімнің спорт жолында кәсіби деңгейімді көтеру, дамыту мақсатында бапкерлікті тастау ойым да болды. Туған-туыстарым мен достарым әлі күнге дейін бапкерлікті қойып, кәсіби түрде спортшы болуыма кеңес береді. «Бала тәрбиелеуге асықпа. Өзіңнің мансабыңды көтеріп, жетістіктерге қол жеткіз» деп айтып жатады. Бірақ мен бапкерлікті тастап кете алмайды екенмін. Егер мен бапкерлікті тастап кетсем, мына 80 бала қайда барады? Кім жаттықтырады? Олардың спорт жолындағы армандарына жетуге кім көмектеседі? Көбіне осы сауалдардың төңірегінде байланып қаламын.

Болашақ чемпион Нұрсұлтан Орынбасаров

Патриот болу үшін спортпен айналысу қажет

Бапкер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қаншама бала саған үміт артады. Осыдан кейін өз кәсібіме үлкен жауапкершілікпен қарай бастадым. Бапкер шәкірттеріне шабыт пен күш бере алатындай, рухани бай болу керек деп есептеймін. Және де шәкірттерінің жарыста жеңіске жетуі көбіне бапкеріне байланысты деп ойлаймын.

Меніңше, патриот болу үшін спортпен айналысу қажет. Чемпион өз елінің патриоты болу керек. Менің шәкірттерімнің арманы — қазақтың көк туын желбірету. Алла қаласа, сәуір айында 15-ке жуық шәкіртімді Абу-Дабида өтетін әлем чемпионатына апарғалы отырмын. Оның ішінде джиу-джитсудан кандидаттыққа үміткер, 3 дүркін әлем чемпионы Мәди Құрманқожаев пен ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елжан Жұмаділ есімді шәкірттерім бар.

80 баланың сексен түрлі мінезі бар. Сондықтан олардың әрқайсысымен жеке дайындық жүргіземін. Одан өзге, барлығына бірдей жаттығу жасап, әдіс үйретудің нәтижесі бола бермейді. Сол үшін баланың біліктілігі мен күшіне қарап, жаттығу кестесін құрамын. Спорт шәкірттеріме өмірде өз орындарын табуға көмектеседі деп ойлаймын.

Болашақ чемпион Нұрсұлтан Орынбасаров

Мен кімді үлгі тұтамын…

Мен қазақтың батырларын үлгі тұтамын. Біздің ата-бабамыз қасық қаны қалғанша күресіп, біз үшін яғни, ұрпағына ұлан-ғайыр жерді аманаттап кетті. Мен өмірге қазақ болып келгендіктен, еліме өз үлесімді қосып, халқыма бір пайдамды тигізгім келеді. Ал қолымнан келмесе, кесірімді тигізгім келмейді.

Әрине, джиу-джитсудан мықты шеберлер бар. Мен олардың күрестерін қарап, өзіме керектісін алып отырамын. Бірақ белгілі бір адамды үлгі тұтамын деп айта алмаймын. Себебі мен оларды спорт саласындағы жетістіктері арқылы ғана танимын. Ал жеке өмірінен хабарым болмағандықтан, фаворитім деп айту қиын.

Бүгінгі батырлар — спортшылар деп айтсам қателеспеймін. Сол батырларды дайындайтын ол – бапкерлер. Қазіргі күні әр бапкер бүгінгі күннің Қабанбайын, Қажымұқанын даярлап, шығару қажет.

Бақытбек Смағұл ағаның мына шумақ өлеңдері менің өмірлік ұраным:

Ұлы далам, ұлы бабам, ұлығым,

Ұрпағына дән қып сепкен ұрығын.

Ту қып ұстар тәуелсіздік тұғырын,

Азат елдің қазақ деген ұлымын.

Жетістіктері

  • «Алаш Прайд»  Халықаралық кәсіпқойлар арасында Ережесіз жекпе-жектің 4 дүркін чемпионы;
  • Грэпплингтан Азия чемпионы;
  • Джиу-джитсудан, Ұлттық жекпе-жек спорт түрлерінен Қазақстан және Халықаралық жарыстардың жеңімпазы;

Сұхбаттасқан Еркеназым Амангелдіқызы, фото авторы Айгүл Хожантаева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

1 пікір

  1. Жарайсин. Жас болсанда бала тарбиелеп сен сиякты мыкты жигиттер кобейе берсин саган болашакта табыс тилеймин окушиларин биктен коринсин сенде биктен корин.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!