Баспасөз мәслихатына «Ugai production» әншілері Ұшқын Жамалбек пен Әсет Есжан, сондай-ақ Qamshy.kz ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш қатысты.
«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 24 қарашада Алатау дәстүрлі театрында «Жыламасын сәбилер» атты қайырымдылық концертін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қайырымдылық концертін өткізудегі басты мақсатымыз – 100 жетім бала мен әлеуметтік жағдайы төмен 100 студенттің әрқайсына 20 000 теңгеден жалпы құны 4 миллион теңгені құрайтын қаржылай көмек көрсету», — деді алғашқы болып сөз алған Qamshy.kz ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш.
«Аталмыш концертке билет алған адам өзінің ақшасы қай жетім балаға берілгенін немесе қандай жағдайы төмен студентке берілгенін біле алады. Әлеуметтік көмек алған студенттер мен жетім балалар да өздеріне кімнің көмектескендігін білуге құқылы. Біз «Алаш» деп мың сөз сөйлегеннен гөрі, бір іс жасауды мақсат тұттық. Осы шара арқылы қазақтың 100 жетім баласы мен 100 студентіне Алаш рухын сезіндіре алсақ мақсатымыздың орындалғаны» — деді Біләл Қуаныш.
«Жыламасын сәбилер» концерті «Ugai production» әншілерінң алғашқы жеке концерті болмақ. Бұл туралы «Ugai production-ның» әншісі Ұшқын Жамалбек айтып берді.
«Ugai production-НЫҢ»тырнақ алды концерті қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Концертте Олжас Абай (Ochooo), Дана Кентай, Әсет Есжан, «Алашұлы» тобы сынды әншілер өнер көрсетеді. «Ugai production»-ның алғашқы жеке концерті болғандықтан, орындалатын туындылардың барлығы өзіміздің төл туындыларымыз болмақ», — дейді әнші Ұшқын Жамалбек.
Айта кетейік, «Алашорданың» 100 жылдығына орай жыл басынан бері 5 іс-шара жоспарланған болатын. 5 наурыз күні Әлихан Бөкейханның туған күнінде Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйінде Алаш арыстарының рухына арнап ас берілген. Сәуірде Байтұрсынұлы саябағына 100 ағаш отырғызылды. Ал 100 жетім бала мен 100 мұқтаж студентке көмек беру осы іс-шаралардың жалғасы болып табылады.