Изабель Нам: Көркем гимнастикамен 4 жасымнан бастап айналыстым. Басында спортқа анамның қалауымен барғаныммен, уақыт өтке келе көркем гимнастикаға деген құлшынысым артып, жарыстарға қатыса бастадым. Алғашында жүлделі орындардан көрінбесем де, кейін жетістіктерге қол жеткіздім. Ең бірінші көркем гимнастикадан екінші орын алдым. Жалпы, көркем гимнастикамен айналысқан алты жылымның ішінде көптеген турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көріндім.
Таэквандоға қалай келдім?
Бір күні мектепте таэквандо үйірмесі бар екенін естідім. Содан анама барып таэквандоға барғым келетінін айттым. Ал анам өз кезегінде қарсы болмады. Керісінше қолдап, дайындық залына апарды. Бұл спорт түріне қызығушылық танытуымның себебі – аяқ пен қолды шебер қимылдатудың ерекше формасы ұнады. Бүгінде таэквандомен айналысып жүргеніме 3 жылға жуық уақыт болды.
Гимнастикадан таэквандоға келгеніме небәрі бір айдан асқан кезде, Алматыда өткен бірінші Еуразиялық чемпионатқа қатыстым. Жарыста Өзбекстан, Қырғыстан мемлекеттері мен еліміздің спортшылары бақ сынады. Аталмыш додадан бірінші орын иегері атандым. Меніңше, бұл жетістікке гимнастиканың қыр-сырын меңгерген, кішкене болсын тәжірбием бар болғандықтан жеттім. Неге олай айтып отыр деп ойлауыңыз мүмкін… Өйткені, жаттықтырушым таэквандоға келгенде бірден күрделі жаттығуларды үйретіп, шаршы алаңға шығуға дайындады.
Мақсат — бапкерлерімізді көңілге қонымды нәтижелерімізбен қуанту
Тренерім – Ли Евгений, мастерім – Ли Алексан есімді азаматтар. Мастерім Әлем чемпионы, Қазақстан чемпионы, таэквондоның 6 даннан халықаралық нұсқаушы, 9 даннан грандмастер. Тренерім таэквондоның 2 данының қара белбеу иегері және Әлем мен Қазақстанның чемпионы.
Қазіргі таңда осы орталықтың құрамында халықаралық додаларда жүлдеге ілініп жүргендері мен деңгейлері әр түрлі спортшылар бар. Барлығы дерлік – қазақтың ұл-қыздары. Оларға бапкеріміз шығыс өнерінің осы түрін үйретіп, қыр-сырына қандыруда. Клубтың таэвондошыларының ең бірінші мақсаты десем де болады, республикалық және халықаралық додаларға қатысып, бапкерлерімізді көңілге қонымды нәтижелерімізбен қуанту.
Біздің елімізде жылына бір рет таэквандодан Әлем және Еуразия чемпионаты өтіп тұрады. Виктория екеуміз жыл сайын әртүрлі турнирлерде бағымызды сынап жүрміз.
Таэквандо шебері болғым келеді
2006 жылы 15 қарашада Алматы қаласында дүниеге келдім. Қазіргі күні 5-сыныпта оқып жатырмын. Менің есімімді Изабель деп Еуропа стилінде қойған. Болашақта шет елде жүрсем атым халықаралық стандартқа сай болсын деп (күліп).
Көбіне әртүрлі жанрдағы энциклопедияларды және Қазақстан тарихын оқығанды ұнатамын. Одан өзге математика, ағылшын тілі қосымшалары мен вокал сабақтарына және араб би үйірмесіне барамын. Бос уақытымды осылай өткіземін.
Менің өмірде үлгі тұтатын тұлғам, ұстазым – анам! Анам мені үнемі қолдап отырады. Оның ақыл-кеңесі, жүріс-тұрысы бәрі маған үлгі.
Мектепті аяқтаған соң, жоғары білімімді Америкада жалғастыру ойымда бар. Сыныбымда үздік оқушымын. Меркелік іс-шараларда міндетті түрде мен жүремін (күліп). Анам тәрбиемізге қатал қарайды. Бірақ сол қаталдық бізді еңбектенуге ынталандырмаса, керісінше болған емес. Болашақта таэквандо мастері болғым келеді. Жеке кәсіпкер болуым да ғажап емес. Дегенмен анам бірнеше кәсіптің басын ұстап отырған адам ғой.
Таэквондо (тхэквондо) — корей халқының ұлттық спортының бір түрі. 2000 жылдан бастап олимпиадаға енгізілген таэквондоның шығу тарихы алыста жатса да, заманауи күрес жүйесі ретінде ол тек XX ғасырда қалыптасты. Таэквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді, атауы да соған орай қойылған: «тхэ» — аяқ, «квон» — жұдырық (қол), «до» — өнер дегенді білдіреді. Мақсаты – жарыс ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана отырып жеңіске жету. Таэквондошы әрқашан өз-өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы, не нәрсе жасаса да, ойланып барып орындайтын адам болуы керек.
Виктория Нам: Мен үшін таэквандомен айналысу қиын емес. Таэквандомен алты жасымнан бері айналысып келемін. Гимнастикамен айналысқаннан болу керек, таэквандоға керек барлық жаттығуларды қиналмастан орындаймын. Тренерім үнемі мені мақтап отырады. Біз таэквандомен бекерден-бекер айналысып жатқан жоқпыз. Жетістікке жетіп, жасымыз жеткен кезде әлем чемпионы болсақ, олимпиаданың резерві болуға ұсыныс тастай аламыз. Біз қазір таэквандоның көк белдігіндеміз. Қара белдігіне екі белдік (қызыл, қоңыр) қалды. Бірақ қара белдікті алу үшін қандай форма, яғни талап керек екенін білеміз.
Спортта схемамен жүрген дұрыс
Анам үнемі: «балаларды екі-үш жасынан бастап жүзуге, кейін гимнастикаға беру керек» деп айтып отырады. Шынымен, спортта осы схемамен жүрген дұрыс. Өйткені гимнастикадан кейін кез келген спорт түрімен айналысу оңай болады.
Мысалы таэквандоға келгенде бізге бірден жұдырықтасу тәсілдерін үйретті де, бір жарым айдың ішінде жарысқа жіберді. Біз осы уақыт ішінде таэквандоны басынан бастап үйренсек, халықаралық деңгейдегі турнирлерге қатыспас едік. Сол жарыстан-ақ жүлделі орындарды қанжығамызға байлап қайттық. Әрине, мұның бәрі гимнастиканың арқасы деп білемін.
Алғашында спортпен айналысу, оның ішінде көркем гимнастика өте қиын болды. Денені керу, созу сынды жаттығуларды жасау өте ауыр еді. Жыладық, қиналдық, тіпті аяқ-қолымызды шығарып та алдық. Бірақ мұның бәрі уақытша екен. Бір жылдың ішінде гимнастиканың қыр-сырын меңгеріп, жаттығу залына қуана баратын болдық. Ал қазір, таэквандо десе, ішкен асымызды жерге қоямыз.
Стимул – қатаң тәртіп
Менің спортқа деген құлшынысымды арттырушы – мастерім мен қатаң тәртіп деп айтар едім. Мысалы, жаттығуға кешігіп қалсақ, тренерім жүз жерден көтерілу (отжимание) жасатқызады. Ол біздің жаттығудан қалмай келуімізге себепкер (күліп). Таэквондоның қыр-сырын жақсы меңгерген тренерім біздерге қарсыластың аяғымен жасаған соққыларынан қорғанып, қарсы соққыны қалай жасау керектігін үйретіп, үнемі дайындықта жүріңдер деп айтып отырады. Ал мастеріме қарап, «қандай мықты адам» деймін. Жаттығу залындағы әр тәлімгеріне баласындай қарайтын, біздің жетістігімізге шын жүректен қуанатын бірінші адам.
Мастерімнің жетістігін қайталағым келеді
Өмір де анамды үлгі тұтамын және анамның жүрген жолымен жүргім келеді. Ал спортта мастерімнің жетістігін қайталағым келеді.
Шыны керек, анам бізді қатал тәрбиелейді. Бізге ұялы телефон, планшет, компьютер қолдануға рұқсат бере бермейді. Оның орнына уақытты тиімді пайдалану керек деп айтады. Және де дені сау ұрпақ ұранына сүйеніп, өмір сүреміз. Аптасына екі рет балық жейміз. Балық құрамындағы кальций, фосфор витаминдері адам ағзасына өте пайдалы. Сонымен қатар таза ауада серуендеу, демалыс күндері тауға шығып, жүгіру т.б денсаулыққа пайдалы істермен айналысамыз. Атпен серуендеп, шаңғы теуіп те үйрендік. Басында шаңғы үйренеміз деп аяқ-қолдарымызды шығарып та алдық. Бастысы қазір сол шаңғының құлағында ойнаймыз.
Пранк видеоблогын жүргізгенді ұнатамын
2008 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Қазіргі күні 3-сыныптың оқушысымын. Ән айтып, би билегенді жақсы көремін. Бос уақытымда кітап оқып, блог жүргізгенді ұнатамын. Өзімді видеоблогермін деп те атаймын (күліп). Көбінесе пранк видеоблогын жүргізгенді ұнатамын. Пранк дегенім адамдардың үстінен әзіл ойнау. Бірақ, жоғары да айтып өткеніміздей, анамыз ұялы телефон ұстатпайды. Сондықтан видеоларымды жинап жүрмін. Анам телефон алып берген кезде видеоблогтарымның барлығын ғаламторға жүктеймін.
Достарым өте көп. Әлі күнге көркем гимнастикамен бірге айналысқан қыздармен араласып тұрамын. Болашақта өзімді бизнес немесе спорт саласынан көремін. Кейде танымал жұлдыз, әнші де болғым келеді.
Гүлмира Әбдукерімқызы, анасы: Тұңғышым Изабель сабырлы, салмақты қыз. Ол спорттан бөлек қолөнермен айналысқанды жақсы көреді. Бисерлермен нешетүрлі сырға, алқалар жасап, іс тіккенді ұнатады. Ал Виктория балабақшадан бастап спортқа жақын өсті. Одан өзге үнемі достарының басын біріктіріп, нешетүрлі іс-шараларды басқарып, жүргізуші болғанды ұнатады. Вокал жағынан да жаман емес. Жалпы өнерге бейім. Кенжемнің есімі – Әділет. Ол өте иманды бала. Бір күні қызық болды. Торғай өліп қалғанда үй күтушісі құсты мусорға тастай салған. Оны көрген Әділет «Әлия әпке мұныңыз не? Оны жерлеу керек қой. Бұл ісіңіз дұрыс емес. Алла тағала көріп тұр» деп жылаған. Әділет те таэквандоға қатысып жүр. Ол осыған дейін 5 жасқа дейінгі балалар арасында таэквандодан өткен Халықаралық чемпионаттың екі рет III орын иегері атанған. Жалпы, ата-аналар үнемі балаларын қолдап, олардың жағдайларын барынша жасауға тырысу керек. Олардың жеткен әрбір жеңісіне қуанып, жігерлендіретін, ары қарай алға жүруіне стимул беріп отыруы қажет. «Не ексең, соны орасың» деген мақал бар ғой. Сондықтан балаларымыздың білікті, білімді болып өсуі бізге, яғни ата-анасына байланысты.
Жетістіктері:
- Көркем гимнастикадан «Мемориал Э.Чукабаева» атындағы турнирдің II орын иегерлері;
- Көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионатының II орын иегерлері;
- Көркем гимнастикадан Халықаралық чемпионаттың II орын иегерлері;
Таэквандодан:
- Еуразиялық чемпионаттың I орын иегерлері;
- Қазақстан чемпионатының I орын иегерлері;
- «Герман Алексеевті еске алу» турнирінің I орын иегерлері;
- Әлем чемпионатының I орын иегерлері;
- Қалалық чемпионаттың I орын иегерлері;
- Ұлы Отан соғысына арналған Халықаралық чемпионаттың I және II орын иегерлері.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.