Bilim Media Group — Қазақстан мектептеріне интеракивті білім беруді ұсынатын басты компания. Компания «Әрбір адамның сапалы білім алуға толық құқығы бар. Ол үшін Астанада немесе өзге де үлкен қалаларда тұру маңызды емес. Аудан орталығының, тіпті кішкентай ауылдың әрбір оқушысында алматылық, астаналық балалар сияқты білім алу мүмкіндігі болуы керек» деген ұстаныммен жұмыс істейді.
Компанияның басты өнімі — BilimLand.kz. Бұл — қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі анимациялар, видеофильмдер, интерективті жаттығулар, симуляторлар, ойындар мен тест тапсырмалары негізінде білім беретін бірегей платформа. Сайтта барлығы шамамен 30 мың сабақты құрайтын миллионға жуық мультимедиалық файл бар.
BilimLand.kz – электронды білім беру контентінің тек Қазақстандағы ғана емес, ТМД бойынша ең үлкен қоры. Оған ҰБТ мен ТКТ-ға дайындалуға арналған iTest.kz кешені, бастауыш мектептің сегіз пәнi бойынша видео-анимациялық сабақтардан тұратын Mektep.kz платформасы, үздік танымдық фильмдердің қазақ және орыс тілдеріндегі бірегей топтамасы Twig-Bilim.kz кіреді.
BilimLand.kz еліміздің білім беру жүйесінде болып жатқан жаңалықтарды жіті қадағалап, өз өнімдерін үнемі жаңартып отырады. Республикамыздың әр облысындағы әдіскер, білім саласының қызметкері соңғы жаңалықтардан хабардар болуы үшін арнайы тренингтер мен конференциялар ұйымдастырады.
«Біздің платформаларымызға еліміздегі барлық мектептер жазылғанымен, ұстаздардың бәрі бірдей оны пайдаланбайтындығын анықтадық. Біздің ресурстардың мүмкіндіктері туралы оларға кәсіби әдіскерлерден артық ешкім түсіндіре алмайды», – дейді BMG компаниясының орыс тілінде контент әзірлеу департаментінің басшысы Татьяна Сәрсенова.
Ал компанияның маркетинг директоры Миршад Өзтүріктің айтуынша, әдіскерлер мұғалімдердің жергілікті мәселелері мен қиындықтарынан хабардар, олар BilimLand.kz ресурстарын аудандағы, облыстағы білім беру жүйесіне ендіруге және сапалы кері байланыс орнатуға көмектесе алады.
Алдыңғы жылдары BMG компаниясы интернетке қосылмаған мектептерге BilimBox стационарлы процессорын ұсынды. Компанияның мақсаты білім беру ресурстары орнатылған бұл құрылғыны пайдаланып локальді желі арқылы басқа компьютерлерді ресурстарға қосу болатын.
Алайда барлық мектептің локальді желіні пайдалану мүмкіндігі жоқ. Сондықтан компания осы мәселені шешу үшін BilimDesk құрылғысын жасап шығарды. Бұл құрылғы – стационарлы процессордың тасымалдауға ыңғайлы шағын түрі.
«Қостанай ауданындағы 50 мектептің 14-і BilimLand-ке онлайн режимде қосылған, қалғандары BilimDesk-ті қолданады. Біздің мұғалімдер бұл құрылғыны жақсы көреді, себебі кейбір тақырыптарды мұғалімнің түсіндіруі оқушыны жалықтырып жібереді. Балалар – визуалдар, олар ақпаратты сурет, анимация арқылы оңай қабылдайды», – дейді Қостанай облысындағы Қостанай ауданының Білім беру бөлімінің әдіскері Алексей Жидко.
Компания ресурстарға интернетсіз қосылу мүмкіндігін дамытуда бұнымен тоқтаған жоқ. Осы шеберлік сабағында жаңа BilimBook компьютер-трансформерін, әрі ноутбук әрі планшет бола алатын құрылғыны таныстырды. Microsoft пен Lenovo компанияларымен бірлесе отырып Bilim Media Group жасап шығарған құрылғыда компанияның негізгі 4 білім беру платформасы орнатылған.
«Біз білім беру жүйесіне жаңа білім беру құрылғысын ұсынып отырмыз. Енді ата-ана баласына жай ғана компьютер емес, білім беруде нағыз дербес көмекші бола алатын және интернетсіз BilimLand.kz ресурстарына қосылуға мүмкіндік беретін құрылғы алып бере алады».
BMG еліміздің Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, BilimBook құрылғысын Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарындағы үш мектепте сынақтан өткізіп жатыр. Бұл мектептердегі үш компьютер сыныбы осы құрылғылармен толық жабдықталды.
«Қазақстанда 205 мың бала оқитын шамамен 3000 шағын жинақты мектеп бар. Бұндай мектептерде әртүрлі жастағы балалар бір сыныпта оқиды. Мұғалім бір сабақта бірнеше тақырыпты қамтуы керек. Оның үстіне ол өзі математик, өзі тарихшы болуы мүмкін. Бұндай мектептердегі білім сапасын көтеру өте қиын. Бірақ оларды жабуға болмайды, керісінше мұғалімдер мен оқушыларға көмектесудің жолдарын табу керек», – деген еді BMG бас директоры Рауан Кенжеханұлы ертеректе берген сұхбатында.
Шеберлік сағаты кезінде әдіскерлермен интерактив ұйымдастырылды. Олар бір сәт өздерін Bilim Media Group компаниясының қызметкері ретінде сезініп, жаңа жобалар жасау бойынша идеяларын ортаға салды. Осылайша BMG-дің IT, контент әзірлеу, клиенттерді қолдау департаменттері білім саласының мамандарымен тікелей жұмыс істеп, кері байланыс орнатып, әдіскерлерден көптеген пайдалы идеялар алды.
«Біздің мектепте барлық ұстаздар BilimLand.kz-ті қолданады. Бізге контенттің үнемі жаңартылып отыратындығы ұнайды. Мұғалім өзіне қажеттінің бәрін осы жерден табады»,– деп әсерімен бөлісті Жамбыл облысындағы мектеп директорының орынбасары Гүлмира Райқұлова.
Bilim Media Group тобы осындай кездесулер ұйымдастыру арқылы ұстаздарға білім беру сапасын көтеруге көмектесуді мақсат етіп отыр. Олар келесі жылы шағын жинақты мектептердегі әрбір оқушының қолында қолжетімді әрі сапалы BilimBook болсын, интернеті бар әр үйде ата-аналар балаларымен BilimLand-ті пайдалансын деген мақсат жолында еңбек етіп жатыр. BMG-ліктер де білім беру жүйесін жаңғыртуға өз үлестерін қосып жатыр.
Мазмұнды кездесу болды.