Қысқы Олимпиада ойындары туралы не білеміз?

XXIII қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты 9 ақпанға жоспарланған. Ал ресми жабылуы 25 ақпанда өтеді. Естеріңізде болса, ең алғашқы қысқы Олимпиада ойындары 1924 жылы Францияның Шамони қаласында бастау алған болатын. Содан қазірге дейін 22 рет жалауы тұтанды.

Енді санаулы айлардан кейін, нақтырақ айтсақ, 2018 жылы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Осы орайда қысқы Олимпиада ойындарының тарихына қысқаша шолу жасап, оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

  • 1924 І қысқы Олимпиада ойындары Францияның Шамони қаласында өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған додаға әлемнің 16 елінен 280 спортшы қатысты.
  • 1928 ІІ қысқы Олимпиада ойындары Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында ұйымдастырылды. 25 елден 464 спортшы жарысқа түсті.
  • 1932 ІІІ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткізілді. 17 елден келген 252 спортшы бақтарын сынады.
  • 1936 ІV қысқы Олимпиада ойындарын Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласы қабылдады. Жүлдеге әлемнің 28 елінен келген 646 спортшы таласты.
  • 1948 V қысқы Олимпиада ойындарының алауы Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында екінші рет тұтанды. Бұл бәсекеде 28 елден 669 спортшы бақтарын сынады.
  • 1952 VI қысқы Олимпиада ойындарын Норвегия астанасы Осло қабылдады. 30 елден 694 спортшы сынға түсті.
  • 1956 VIІ қысқы Олимпиада ойындарын Италияның Кортина Д’Ампеццо қаласы қабылдады. 32 елден 821 спортшы қатысты.
  • 1960 VIІІ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Скво-Вэли қаласында өтті. 30 елден 665 спортшы жарыс жолына шықты.
  • 1964 ІХ қысқы Олимпиада ойындары Австрияның Инсбурк қаласында алауын тұтатты. Байрақты бәсекеге 36 елден 1091 спортшы келді.
  • 1968 Х қысқы Олимпиада ойындарын өткізу Францияның Гренобль қаласына бұйырды. 37 елден келген 1158 саңлақ жүлде үшін таласқа түсті.
  • 1972 ХІ қысқы Олимпиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында өтті. 35 елдің 1006 спортшысы қатысты.
  • 1976 ХІІ қысқы Олимпиада ойындарын Австрияның Инсбурк қаласы қабылдады. 37 елден келген 1123 спортшы жүлдеге таласты.
  • 1980 ХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында тұтанды. 37 елдің үмітін арқалаған 1072 спортшы бәске түсті.
  • 1984 XIV қысқы Олимпиада ойындарын бұрынғы Югославия мемлекетінің Сараево қаласы қабылдады. 49 елден 1272 спортшы қатысты.
  • 1988 XV қысқы Олимпиада ойындары Канаданың Калгари қаласында өтті. Әлемнің 57 елінен 1423 спортшы сынға түсті.
  • 1992 XVІ қысқы Олимпиада ойындары Францияның Альбервиль қаласында ұйымдастырылды. 64 елден 1801 спортшы келді.
  • 1994 XVІІ қысқы Олимпиада ойындарын Норвегияның Лиллехамер қаласы қабылдады. Әлемнің 69 елінен 1739 спортшы келді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысты. Атақты шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 12 орынға орналасты.
  • 1998 XVІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы Жапонияның Нагано қаласында тұтанды. 72 елден 2302 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасынан шаңғышы Владимир Смирнов пен конькимен жүгіруші Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Беларусь Республикасымен 20-21 орындарды бөлісті.
  • 2002 XІХ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтті. 77 елден 2390 спортшы келді. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадада жүлде ала алмады.
  • 2006 XХ қысқы Олимпиада ойындары Италияның Турин қаласында жалауын желбіретті. Жарыс жолына әлемнің 80 елінен келген 2508 спортшы жарыс жолына шықты. Бұл жолы да қазақстандық спортшыларға жүлде бұйырмады.
  • 2010 ХХІ қысқы Олимпиада ойындарын Канаданың Ванкувер қаласы қабылдады. 82 елден 2766 спортшы сынға түсті. Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан мен Эстония елдері 25-26 орынды өзара бөлісті.
  • 2014 ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын Ресейдің Сочи қаласы қабылдады. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысты. Қазақстан намысын бұл додада 52 спортшы қорғады. Сочиде мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Денис Тен қос бағдарламада 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.

Осылайша 2014 жылы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26 орынды иеленді. Енді алдағы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарында отандастарымыз бұдан да жоғары жетістіктерге жетеді деген үміттеміз.