Қазақстанда пойыз бағыттарының жаңа кестесі бекітілді

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Жолаушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жаңа жылдан бастап күн сайын жүретін жаңа №154/153 «Астана-Семей» жүрдек пойызы жолға шығатын болады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан №376/375 «Астана-Лениногорск» пойызының стандартты вагондары қазіргі заманғы жайлы «Тұлпар-Тальго» вагондарына ауыстырылады. Жолда жүру уақыты 28 сағат, яғни қазіргі кестемен салыстырғанда 3 сағатқа тезірек баратын болады. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан төмендегі пойыздардың реттік саны былайша өзгереді:

  • «Алматы-Атырау» №35/36 (бұрын №77/78);
  • «Алматы-Защита» №45/46 (бұрын №69/70);
  • «Астана-Ақтөбе» №97/98 (бұрын №87/88);
  • «Алматы-Петропавловск» №703/704 (бұрын №705/706);
  • «Алматы-Шымкент» №709/710 (бұрын №707/708).

Сондай-ақ «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өтініші бойынша №303/304 «Алматы-Екатеринбург» пойызының маршруты Қазан қаласына дейін ұзартылды.

Енді 2017 жылдың 12 желтоқсанынан бастап ол халықаралық №303 /304 «Алматы-Астана-Қазан» пойызы ретінде қатынайтын болады.

«Біз «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына зор ризашылығымызды білдіреміз. Екі ел астаналары арасында тікелей қатынайтын пойыздың жолға шығуы Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесі мен Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы елеулі оқиға»,- дейді республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Тауфиқ Кәрімов.

Дереккөзinform.kz