«Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру жұмыстары басталды

Шараға «Қаз Автожол ҰК»АҚ өкілдері, сонымен қатар «Донгсунг» (Корея) компаниясының, «Тодини Конструциони Дженерали С.п.А.» (Италия) АҚ, «СПИК Аккорд» (Әзірбайжан), «Ташиапи Иншаат» (Түркия), «Ант Иншаат» (Түркия) сынды мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты.

Облыс әкімінің айтуынша, «Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аймақта ұзындығы 500 шақырым болатын «Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда. Жолдың бұл бөлігі соңғы рет 50 жыл бұрын жөнделген.Автожолдың қазіргі жағдайы осы заманғы жүктемелерге және көлік құралдарының қарқындылығына сәйкес келмейді. Бұл жол Ресей Федерациясының Астрахань, Орталық Азия және Парсы шығанағы елдеріне шығатын Ақтөбеден Атырау мен Маңғыстауға дейінгі бағыттардың жолдарын қосып, Қазақстан, Қытай, Ресей және Батыс Еуропа арасындағы мен тауарлар транзиті мен жолаушылар легіне, сондай-ақ өңірдегі сауда мен жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Жолды қалпына келтіру барысында шамамен 2 мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі, олардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар», — деді облыс әкімі.

Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің мәліметі бойынша «Ақтөбе — Атырау» жол бөлігін қайта қалпына келтіруге Азия даму банкі мен Ислам даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарының қарыз қаражаттары тартылатын болады.  Жобаны жүзеге асыруға Италия, Әзірбайжан, Түркиядан осы салада үлкен тәжірибесі бар шетелдік компаниялар тартылған, жобаның орындалу барысын «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ жобасын басқару жөніндегі кеңесшілер мен «Донгсунг / Жол Сапа» (Корея / Қазақстан) өкілдері бақыламақ.

Айта кетейік, жобаны 2020 жылы аяқтау жоспарланған.

ДереккөзEgemen.kz