Көкшетау су арнасы ЭКСПО көрмесінде ұсынылған инновациялық жобаны жүзеге асырады

Кәсіпорынның директоры Зейнұр Әлібековтің айтуынша, су турбинасы негізіндегі шағын су электр станциясының инновациялық конструкциясын жасау арқылы «жасыл» энергияның автономдық және жүйелік өндірісі жүзеге асырылмақшы. Кәсіпорының өз қажеттіліктерін өтейтін дербес электр энергиясын өндіру, бұл тарифтердің өсуіне тосқауыл болмақ. Жақында жоба жасаушылармен кездесу жоспарланып отырған көрінеді.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде көптеген инновациялық жобалар ұсынылған болатын. Бұл жобалардың бесеуi біздің Ақмола облысында жүзеге асыру қарастырылып отыр. Соның бірі, инновациялық жолмен біздегі су құбыры тазалау стансасында турбогенератор орнатып, өз қажетіліктерімізді өтейтін электр қуатын өндіру көзделген. Әзірге, нақты қандай жобаны жүзеге асыратынымыз белгісіз. Бізді «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған швециялық фирманың 40 киловаттан 250 мегаватқа дейін электр энергиясын өндіру жобасы қызықтырды. Бірақ біздің су шығынымыз 21000 текше метрді құрайды, ал, шведіктердікі 50000-100000 метр су шығынын талап етеді. Сол себепті, бұл жоба әлі де пысықталуда. Егер де, алдағы уақытта біздің талаптарға сай келіп жатқан жоба болып жатса жүзеге асыруға дайынмыз»,- деді кәсіпорын басшысы Зейнұр Әлібеков.

Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің де Көкшетау қаласының коммуналдық нысандарына қаржы құюға құлшынып отырғанын да атап өтті. Оның ішінде Көкшетау қаласын сумен жабдықтау жобасын пилоттық ретінде жүзеге асырылу қарастырылған. Бұл жоба да дәл қазіргі кезде пысықталу үстінде.

Еске сала кетейік, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорыны 2016-2020 жылдарға арналған ұзақ мерзімдік инвестициялық жобасын жүзеге асыруда. Жоба шеңберінде 2016 жылы сумен қамтамасыз ету және су ағызу бойынша 102,8 миллион теңгенің инвестициялық шаралары орындалды. Оның ішінде 12,1 шақырым кварталішілік су құбырлары мен кәріз жүйелері ауыстырылды. Оған қоса, су тазалау стансасында кварц құмы салынған және металл конструкциясымен бірге 3 сүзгішке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.