600 мың отбасы отандық телеарналарды қарамайды

«Бұл мәселе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты. Қазіргі кезде 600 мыңға тарта отбасы «сұр тәрелкелерді» пайдаланып келеді. Бұл сұр тәрекелерде жады картасы пайдаланылады, онда қазақстандық телеарналар қорғалмаған. Осы орайда шамамен 1,5 миллион адам Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр, яғни олар қазақстандық телеарналарды қарамайды және елімізде не болып жатқанын білмейді»,-деді министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Оның сөзіне қарағанда, ел тұрғындары «сұр тәрелкелерді» пайдалануды жалғастыруда.

«Сондықтан бұл мәселені өзекті деп білеміз. Осы құрылғыларды адамдар пайдалануды жалғастыра бермек. Бұл тұрғыда тұтынушыларға ықпал етудің ешқандай шаралары бізде қарастырылмаған. Алайда біз осы карталарды таратып жүрген адамдырды құқықтық кеңістікке шығарудамыз. Олар шынымен де Қазақстанның құқықтық кеңістігінен тыс қалып отыр. Электронды төлемдер арқылы төленген ақша басқа елдерге кетіп жатыр», — деді Д. Абаев.

Айта кетейік, министр заң жобасы аясында БАҚ-қа әкімшілік жүктемелер азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалатынын мәлім етті.

«Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан ары қалыптастыру қарастырылып отыр. Соның ішінде әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалады. Атап айтқанда, аздаған құқықбұзушылықтар үшін газеттің тиражын тәркілеу немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде. Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға жауапкершілік жүктейді»,-деп түсіндірді ведомство басшысы.

Талқылаудан кейін Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

ДереккөзTengrinews.kz