Көкшетауда күзгі сенбілік өтті

Сенбiлiкке қаладағы 178 мекемелер мен кәсiпорын ұжымдары бiр кiсiдей атсалысып, өз аумақтарына тазарту жұмыстарын жүргiздi. Өзге де еңбек ұжымдары көшелер мен айналма жол бойында жұмыс iстедi. Бұл жұмыстардың бәрi қыстан шыққан қаланы қысқа дайындауға бағытталды. Оған барлық коммуналдық сала, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерi, ерiктiлер мен волонтерлер тартылды. Жалпықалалық сенбiлiк барысында тек қоқыс жиналып қоймай, ағаштар отырғызылып, әктелдi, газондар қураған жапырақтардан тазартылды.

Қала аумағына 1700 түп ағаш егiлдi. Красный Яр бағытындағы жолайырығынан бас-тап, саяжай бойындағы жол жиегi, Сәдуақасов көшесiндегi Революция күрескерлерiне арналған сквер, Абай көшесiндегi Досмағанбетов атындағы сквер, Орталық саябақ, Даңқ Аллеясы, Бұқпа тауының бөктерi мен алаңқайлары тазартылды. «Есiл» автобекетi мен ескi әуежай аумағындағы қыс бойы қар төгiлген жер аршылды. Аталған жұмыстарға коммуналдық кәсiпорын қызметкерлерi, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерiнен құралған барлығы 300 адам тартылды. Осы шаруаларды уақытында атқаруға қажеттi құрал-жабдықтармен коммуналдық шаруашылықтар қамтамасыз еттi.

Атап айтқанда, «Көкше Жәрдем» мен «Көкшетау жол» мекемелерi ұйымдар, мемлекеттiк және бюджеттiк мекемелерге 8 тонна әк пен қоқыс жинауға қажеттi 8 мың қап бөлдi. Қаладағы бекiтiлген ұйымдар мен кәсiпорын қызметкерлерi 2120 ағаш, 12400 жиектасты әктеп, 3987 қап қоқыс жинады. Бұл күнi сенбiлiкке 5 мыңға жуық адам қатысты. Жеке кәсiпорындар тарапынан қосымша самосвалдар мен жүк тиегiштер, тракторлар мен тротуарларды тазартатын жаңа техникалар — шағын тракторлар iске қосылды. Сенбiлiкте қатты қалдықтар полигонына 5081 текше метрге жуық күл-қоқыс шығарылды. Соның арқасында Көкшетау қаласы тазарып, жаңарып қалды. Оған қатысқан жандардың бiрi де қалмай белсендiлiк танытты.