Ақмола облысының басшылығы Канада инвесторларымен кездесті

Келіссөзде ауыл шаруашылығын саласында ынтымақтастық жасау талқыланды. Атап айтқанда, канадалықтарға Астана маңынан жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай салу жобасы ұсынылды.

Айта кету керек, канадалық ауылдардың климаты елорданыкімен ұқсас. Техниканы сатып алуда канадалық өнімді алу үлесі зор, деп хабарлайды Bnews.kz.

Ақмола облысында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Шетелдік инвесторларды тартуға қатты мән беріліп отыр. Аймақ – Астана маңындағы азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Осы бағыт аясында Есіл ауданында ет өңдейтін ірі кешен салу жоспарланып отыр. Екіжақты келіссөздердің барысында облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель осы жобаны іске асыру үшін бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Ол қажетті коммуникацияға қаржы облыстық бюджет есебінен төленетіндігін жеткізді. Егор Каппель канадалық бизнес өкілдерін қызықтыратын тағы да бір жоба туралы айтты.

«Біз Астана маңынан 50 га жер беріп, ол жерге жыл бойы көкөніс өсіретін жылыжай құрылысын ұсынғымыз келеді. Ол жерде қызанақ, қияр, көк шөп т.б. егіледі. Көкөністі жабық жерде өсіру үшін мемлекеттік айтарлықтай жақсы қаржы бөлінеді. Бұл қайтарымсыз қаражат», — деді Егор Каппель.

Канада елшілігінің хатшысы Даррен Смит канадалық компанияға барлық ұсынысты жеткізітіндігін айтты.

«Мен сіздегі шаруашылыққа тәнті болып отырмын. Ақмола облысы – инвесторлар үшін ең қолайлы аймақтардың бірі. Бұған табиғаты да қолайлы, жері шұрайлы. Оның үстіне Астанаға жақын орналасқан. Сондықтан, екі жақ үшін де ынтымақтастық пайдалы болады деп сенемін», — деді Смит.