Ақмолалық кәсіпкер Елбасыға «Рухани жаңғыру» нақышымен тіккен авточехолын сыйламақ

Бұл туралы Ақмола облысы кәсіпкер әйелдерінің 2-ші форумында айтылды. Бұланды ауданында тұратын Ғайни Ахметова «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша арнайы курстан өтіп, өз бизнесін бастаған. «Биылғы жылдың көктемінде Бұланды аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығына бардым. Ондағы мамандар маған ақыл-кеңестерін беріп, «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқуды ұсынды. Білім алған соң өз ісімді ашуға бел будым. Осылайша, ұлттық нақышта автокөлік чехолдарын тіге бастадым. Нәтиже көп күттірмеді. Көп ұзамай алғашқы клиенттерімде табылды», деді кәсіпкер форумда сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйлық ретінде еліміздің келешегінің символы «Рухани жаңғыруға» арнап ұлттық нақышта бір комплекті авточехол тіккенін де атап өтті. Оны кəсіпкер екі ай бойы тіккен. Артынша «Рухани жаңғыру» жазуын жазған. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің келешегінің символы «Рухани жаңғыруға» арнап ұлттық нақышта тігілген авточехолды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту еткім келіп отыр. Бүгінгі таңда, біз жұмылған жұдырықтай бір тұтас ұлт бола білуіміз керек», деді Ғайни Ахметова.

Қазіргі кезде, кəсіпкер шығарған өнімге сұраныс арта түсуде. Тіптің Ақмола облысынан тысқары өңірлерден де тапсырыс берушілер бар.