Әлем футболының жұлдызы Лионель Месси кішкентай Мұртазаға доп және футбол жейдешесін Кабулдағы ЮНИСЕФ өкілдігі арқылы беріп жіберген. Мессидің қолы қойылған футбол жейдешесі мен допқа ие болған Мұртаза: «Мен Мессиді жақсы көремін және оның футбол жейдешесін беріп жібергені, оның да мені жақсы көретінінің дәлелі», — деді.
Мұртаза Ахмади Интернетте полиэтилен дорбасынан жасалған Лионель Мессидің футбол жейдешесін киген суретімен танылды. Баланың отбасы Ауғанстандағы ауылда тұрады. Бұл суретті баланың Австралияда тұратын ағасы жариялаған.
Былтыр Лионель Месси «Барселона» сапында Испания чемпионатын, Испания Королінің Кубогын, чемпиондар Лигасын, Испания және УЕФА Суперкубогын, сонымен бірге клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Жақында 28 жастағы Месси кәсіпқой футболдағы 500-ші добын соқты.