Режиссер Еркін Рақышев «Көкжалдар» фильмін түсірді

Отандық туындыда қасқырлардың арасына сіңген қазақ баласының өмірі туралы баяндалады.

Фильм желісіндегі оқиға қарапайым қазақ отбасының басында өрбиді. Ерлі-зайыптылардың Мұрат есімді ұлдарын үш айында қасқыр ұрлап әкетеді. Қанжылаған әке мен шеше қанша іздегенімен, баласын таба алмайды. Арада 20 жылдан өткеннен кейін қазақ даласында «Мауглидің» жүргені туралы әңгіме тарап, арнайы құрылған топ бір кездері жоғалып, қасқырлардың арасына сіңген Мұратты ұстау үшін жолға шығады. Режиссер қазақтың кешегісі мен бүгінін байланыстыра отырып, фильм кейіпкерлері арқылы қазақтың көкжалды кие тұтатынын көрсеткен.

«Киноның аты «Көкжалдар» деп аталады. Оның авторы «Жаралы сезім» деп жастардың сезімін қозғаған, «Жетімдер» деп көптің көзіне жас келтірген, «Астанаға көктем кеш келеді» деп керемет фильм түсірген, ашаршылық, Тұрар Рысқұлов туралы деректі фильмдерді дүниеге әкелген -режиссер Еркін Рақышев. Фильмнің сценарийін екеуіміз жазып шықтық. Туынды көпке ұнайды деген сенімдемін», — дейді фильмнің сценарийін жазған Рамазан Құрманбаев.

Айта кетейік, кинокартинадағы басты кейіпкер Мұраттың рөлін  актер Жандос Исаев сомдаған.

ДереккөзInform.kz