«Хат тудырған жайттардан хабарым бар. Онда айтылған оймен келіспеймін, себебі EXPO-2017-ге қатысты жағдай туралы бар ақпарат тек хат авторының көзқарасы тұрғысынан жазылған. Мен қазір жағдайды көріп отырмын. Жұмыс бойынша жақсы істер атқарып жатқанымызды да, EXPO-ның қажетті бағытта дайындалып жатқанын да білемін. Сәтті өткізетінімізге еш күмәнім жоқ. Қазір бізге бұл оқиғаға алаңдамай, ары қарай жұмыс істей беру керек», — деді Висенте Лоссерталес бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
ХКБ бас хатшысы EXPO-2017 дайындығына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді.
«Мен жұмыс барысын, павильондар құрылысы мен командамыздың атқарып отырған ісін көрдім. Көңілімнен шықты. EXPO дайындығы қарқын алып келеді. Құрылыс жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталатын деңгейде жүріп жатыр», — деп атап өтті ол.
Висенте Лоссерталес құрылыс алаңынан ерекше әсер алғанын да жеткізді.
«Бұл алаңда өте әдемі және заманауи сәулет нысандары болады деген сенімдемін. Мұнда болып, көзіммен көргеніме қуаныштымын», — деді бас хатшы.
Бұған дейін EXPO-2017 халықаралық көрмесінің бас кеңесшісі Хуан Корреас жазды деген хаттың фотосуреті БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған еске сала кетейік. Автор хатты Мемлекет басшысының атына бағыттап, 2017 жылы көрменің өтпей қалу қаупі бар екендігі туралы айтқан болатын.
«Көрме дайындығы туралы шындықтың сізге жеткен-жетпегенін білмеймін. Біз үлкен күшпен қол жеткізген сенімнің ақталмағанын білуге тиіссіз. Сіздің бұл мәселені шешіп, EXPO-ны дұрыс жолға сала алатын жалғыз адам екеніңізді білемін», — деп жазылған болатын хатта.
EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астана қаласында өтеді. Қазіргі уақытта 75 ел көрмеге қатысатындықтарын растады. EXPO-2017 Future Energy (Болашақ энергиясы) тақырыбында жүретін болады.