Жайық өңірінде жаңа 4 мектеп салынып жатыр

Мәселен, «Альтаир» ЖШС құны 951 миллион теңге құрайтын 300 балаға арналған №4 мектептің құрылысын жүргізуде. Мемлекеттік сатып алу рәсімі ерте өтіп, құрылысты уақытылы бастауға мүмкіндік берген. Күні бүгін төрт қабатты білім ошағының сырты бітіп, ішкі әрлеу жұмысы қолға алынып, кабинеттерге жиһаздар жеткізілуде. Құрылыс учаскесінің басшысы Максим Азаров мұнда жүзден аса жұмысшы қызмет етіп жатқанын айтты. Мектепте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт пен пандус орнату қарастырылған. Білім ордасы аумағында футбол мен волейбол, баскетбол алаңдары салынған.

«Альтаир» ЖШС салып жатырған екінші мектеп Орал қаласы маңындағы Деркөл кентінде.

-600 балаға арналған білім нысанының құрылысына биыл бөлінген 1 млрд. теңге көлеміндегі қаражатты игердік. Жыл соңына дейін қалған 370 миллион теңге берілсе, мектеп құрылысын аяқтаймыз. Бұл нысанның жобасы Орал қаласындағы басқа білім ордаларынан өзгеше. Мектеп аумағы кең. Балаларға арналған екі спорт зал салынды. Оның біреуі бастауыш сыныптарға арналған. Жертөледе тир орналасқан. Футбол алаңы мен резеңке жабын төселген жүгіру жолағы бар, – деді серіктестіктің құрылыс бойынша директоры Н.Қуанғалиев.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12,8 млрд. теңгеге 43 жобаны жүзеге асыру көзделген. «Альтаир» қолға алған екі білім нысанынан бөлек,  3 млрд. теңгеден астам қаражатқа «Алтим» және «СВ плюс» компаниялары Деркөл кенті мен Зашағандағы Сарытау шағынауданында мектептердің құрылысын жүргізуде.

Тоқтар Ғабдірешұлы