Басты бетАқмола мұрағаттының...

Ақмола мұрағаттының қорларында 445700 дана түрлі құжаттар сақталуда

Облыстық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының  басшысы Мәрзият Тохаева  аймақ басшысын өз салаларының жұмыстарына арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жобалармен таныстырып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыстық мұрағатқа келіп, өздеріне қажетті құжаттар мен сирек кездесетін кітаптарды, басқа да дереккөздерді тауып, кәдеге жаратып жатқан адамдар аз емес. Мұрағаттың оқу залында отырған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Қайдар Алдажұманов аймақ басшысына облыстық мұрағатта өңір тарихына қатысты құнды құжаттар мен мәліметтердің көп екендігін айтты.

Облыс басшысы аймағымыздың тарихына арналған фотосурет, кітап және түрлі құжаттар негізінде жасалған көрмені аралап көрді. Мұнда 18-ші ғасырдағы Абылай хан дәуірін қамтитын тарихи деректермен, түрлі фотосуреттермен өрілген өлке шежіресі  баяндалған. Осы арада төте жазумен басылған 1922  жылы шыққан губерниялық кеңес депутаттарының «Бостандық туы» газетінің көшірмесі де қойылыпты. Облыс басшысы 1929 жылдан бастап шыққан латын әліпбиінде басылған газеттер мен кітаптар, басқа да баспа өнімдері негізінде көрме ұйымдастырсаңыздар деген ұсынысын білдірді. Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылданғалы жатқан қазіргі кезде әсіресе, жас ұрпаққа бұрын да латын әліпбиін қолданғанымызды айғақтайтын құжаттармен негізделген мұндай көрменің әсері аз болмасы анық.

Бүгінде облыстық мұрағаттың 1385 қорында 445700 дана түрлі құжаттар сақталуда. Олардың ең көнесі  1873 жылы берілген метрикалық құжат екен.