2023-2024 жылдары Ақмола облысының елдімекендеріне газ жүргізу жұмыстары басталады. Бұл туралы «ҚазТрансГаз» Ақ-ның бас директоры Қанат Құрманалиев облыс әкімі Мәлік Мырзалинмен кездесу барысында мәлімдеді.
Қанат Құрманалиевтің айтуынша, келесі жылдан бастап елімізде «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің құрылысы» жобасы басталады. Жобаның мақсаты – Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарын сенімді және үздіксіз газбен қамтамасыз ету. Газ құбыры магистралі 2018-2030 жылдар аралығында «Қызылорда-Астана», «Астана-Көкшетау» және «Көкшетау-Петропавл» сызбанұсқасы бойынша жүргізіледі. Аймақтағы жол маңында орналасқан 50 елдімекенге газ жеткізіледі.
«Ақмола облысындағы «Сарыарқа» жобасын іске асыру елорда маңындағы аймақ үшін ең елеулі оқиғалардың бірі болмақ. Өйткені бұл тек газ беру емес, магистральді газ құбырының жанынан инфрақұрылымды, табиғи газды пайдалана отырып, жаңа өнеркәсіптерді дамыту, экологиялық жағдайды жақсарту, сондай-ақ жылу құбырларының газға ауысуынан экономикалық тиімділікті арттыру», — деп қорытындылады Мәлік Мырзалин.
«Астана-Көкшетау» магистральді газ құбырының құрылысы 48,2 миллиард теңгеге бағаланған.