ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында әскери қызметкерлерге ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатынын айтты.
«Заң жобасының мақсаты мен маңызы баспанаға мұқтаж болған барлық әскери қызметшілердің санаттарын төл тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Қарастырылып отырған тетіктерге тоқталсақ, әскери қызметкерлерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есеп-шотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың 1 шаршы метр құнын әскери қызметші отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі. Баспана мәселесін шешудің бұл түрінің анық артықшылығы бар»,- деді ол.
Оның айтуынша, әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны 2018 жылы алатын болады.
«Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берусіз қызметтен шығарылған. Бұл ретте заң жобасымен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады», — Т. Мұхтаров.
Айта кетейік, әскери қызметкерлер берілген үй төлемдері арқылы ипотекалық несиені пайдалана отырып, баспананы сатып алуға; тұрғын үй арендасын төлеуге, оның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға; үлестік баспана құрылысына тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге; тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және баспана жағдайларын жақсартуға пайдалана алады.