Авиация саласының алдына қойған тапсырмалары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанның азаматтық авиация саласына жүктеліп отырған басты тапсырмаларды атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Соңғы жылдары қазақстандық авиацияда айтарлықтай оң динамика бар. Ұшу географиясы кеңейіп, экономикалық көрсеткіштер өсіп, әуе тасымалына сұраныстар артып келеді. Бұның барлығы заманауи авиациялық мамандарды даярлауды талап етеді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) ұсынған тәжірибе бойынша Қазақстанның азаматтық авиация саласының деңгейі 74 процент, еуропалық орташа тәжірибеде 76 процент, әлем бойынша 63 процентті құрайды», — деді министр ИКАО «Қазаэронавигация» РМК-мен бірлесіп өткізіп жатқан өңірлік симпозиумында.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 96 елмен әуе маршруты жолға қойылған. Жыл сайын жаңа бағыттар ашылуда. Осы жылы ғана өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесі тағы бірқатар бағдарларды ашуға мұрындық болған.

«Көрме кезінде ішкі бағдар бойынша жолаушылардың ағыны 90 процентке, шетелдік бағдар бойынша 30 процентке артты. Бүгінгі күні Қазақстанның азаматтық авиация саласының алдында үлкен тапсырмалар тұр. Атап айтқанда, әуежайларды жаңғырту, авиациялық транзиттік және аэронавациялық технологияларды жаңарту, әуе кемелерінің парктерін жаңарту, сондай-ақ ең алдымен авиациялық мамандарды даярлауды көздеп отырмыз. Бұл міндеттер үздік тәжірибе мен жаңа білімді талап етеді. Сондықтан, біз қазақстандық компаниялармен бірге мамандарды даярлау жұмысына баса маңыз береміз», — дейді Жеңіс Қасымбек.

Авиация саласында елімізде шамамен 20 мың адам еңбек етеді. Азаматтық авиация академиясы, оқу орталықтары мамандарды даярлау бағытында жұмыстарды жүргізіп жатыр. Айта кетсек, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) «Қазаэронавигация» РМК-мен бірлесіп, Астана қаласында Авиация мамандарын даярлау және TRAINАIR PLUS жөніндегі өңірлік симпозиумын өткізуде. Симпозиумды алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда ұйымдастыра отырып, Қазақстан әуе көлігінің қауіпсіз, сенімді және тұрақты дамуын қолдау мақсатында авиация мамандарын даярлау саласында ИКАО жоғары стандарттарын ұстанатынын көрсетпек. Шараға 90-нан астам мемлекеттен 350-ден астам делегат қатысуда.

 

ДереккөзInform.kz