Түрік билігі оны Фетхуллах Гүленмен байланысы бар деп айыптаған.
Анадолу мемлекеттік агенттігінің хабарлауы бойынша, консулдықтың қамауға алынған қызметкері – Түркия азаматы.
«Жақында болған оқиғалар Түркия үкіметін АҚШ-тың түрік миссиясы мен қызметкерлерінің қауіпсіздін қамтамасыз ету туралы уәдесін қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Осы уақыт аралығында біздің АҚШ-тағы дипломатиялық және консулдық миссияларымызға келушілер санын барынша азайту үшін Америка азаматтарына виза беруді уақытша тоқтаттық», — деп мәлімдеді Түркияның Вашингтондағы елшілігі.
Елшілік бұл шараның қағаз және электронды, сондай-ақ, шекарада берілетін визаларға қатысты екенін айтты.
Айта кетейік, АҚШ-тың мәлімдемесінде Американың Түркия аумағындағы барлық дипломатиялық мекемесінде иммиграциялыққа жатпайтын виза беру уақытша тоқтатылғаны айтылған еді. Иммиграциялыққа жатпайтын виза туристерге, сонымен қатар, АҚШ-қа оқуға, емделуге немесе бизнес үшін баратындарға беріледі.