Басты бетПедагог-психологтар мен...

Педагог-психологтар мен медицина қызметкерлеріне арналған жоба басталды

Кәмелетке толмаған балалардың арасында өз-өзіне қол жұмсауды болдырмау, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту мақсатында Қазақстандағы ЮНИСЕФ Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының өкілдігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасындағы кәмелетке толмаған балаларды суицидтен қорғау бойынша алдын-алу жобасын әзірледі. Аталған жоба Қызылорда облысында сәтті жүргізілуде.

Ал Ақмола облысының әкімдігі кәмелетке толмаған балалардың арасында суицидтің алдын-алу туралы ұйғарымды жүзеге асырудың жол картасын 2016 жылдың қарашасында бекіткен болатын.

Осы бұйрықты орындау барысында уәкілетті үйлестіруші ретінде еліміздегі өңірлерде жобаны іске асыруды қамтамасыз ететін мамандандырылған қоғамдық қор құрыла бастады.

Бұл жобада мемлекеттік білім беру ұйымдарының 406 мұғалімдері мен психологтарын даярлауға 24 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Сондай-ақ, жалпы практика дәрігерлері де арнайы курстан өтеді деп жоспарлануда.

Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, жоба 4 кезеңнен тұрып, 5-25 қазан аралығында өткізілетін болады.

Қазіргі уақытта педагог-психологтарға жеке логин мен құпия сөздері берілген, оқыту онлайн түрде жүргізіле бастаған.

Ал бұл жобаның көрсеткішін 2-3 жылдан соң көреміз дейді ұйымдастырушылар.