Ақмола облысының әкімдігі мен «БЖЗҚ» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Шараға облыс активі мен қаржы мекемелерінің басшылары қатысты. Облыс әкімі екіжақты меморандум ұзақ мерзімді жемісті жұмыс істеуге негіз болатынына сенім білдіріп, зейнетақы қоры туралы ақпараттандыру бағытында біраз шаруалар атқарылып жатқанын, әлі де назар аударатын мәселелер бар екендігін атап өтті.

«БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы құрылғанына жиырма жыл толған зейнетақы жинақтау қорының осы кезең ішінде көптеген қиындықтарды жеңе отырып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгендігін, бүгінгі күні жинақталған қор көлемі жалпы ішкі өнімнің 15 пайызын құрайтынын айтты. Дегенмен де, барлық кәсіпорындар мен мекемелер жинақтаушы қорға ақша аудара бермейді. Бұның өзі адамдардың зейнетақы деңгейіне елеулі әсерін тигізеді. «Облыс әкімдігімен жасалған меморандум осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға игі ықпалын тигізеді деп сенемін» деді «БЖЗҚ» АҚ басқармасының төрайымы.

Зейнетақы жинақтаушы қорының қазіргі жай-жапсары туралы бейнебаян көрсетіліп, онда еліміздегі және облысымыздағы зейнетақы қорына ақша аудару жайында жан-жақты мәліметтер қамтылды.