Ақмола облысындағы кәсіпкерлердің 30 пайызын әйелдер құрайды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен өткен отырыста гендерлік саясатты ілгерілету жөнінен алға қойылған міндеттер сараланды.

«Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда», – деді Айна Мысырәлімова.

Жиында мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының гендерлік аспектілері, өңір халқының репродуктивті денсаулығын сақтау бағытында қолданылып жатқан шаралар мен кәсіпкер-әйелдерді қолдау, нәзікжандыларды зорлық-зомбылықтан сақтап қалу мәселелері қаралды.

Отырыста Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досхан Әміренов және облыстық ішкі істер департаментінің аға инспекторы Асылгүл Сыздықованың гендерлік саясат бойынша атқарылып жатқан нақты істері туралы есеп берді.

Әлеуметтік саладағы маңызды жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыста құрылған 290 үкіметтік емес ұйымдардың 70 пайызын нәзік жандылар басқарады екен. Көкшетау қаласындағы жергілікті тұрғындардың 53 пайыз үлесі қыз-келіншектерге тиесілі. Қазіргі таңда облыс орталығындағы  шағын және орта бизнес саласының 30 пайызын нәзік жандылар құрайды.