Қаламгерлер арасында Шерхан Мұртаза атындағы бильярд турнир өтті

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойына орай қаламгерлер арасында Алматыда бильярдтан дәстүрлі турнир өтті.

«Намыс найзағайы» кітабында Шерхан Мұртазаның он жыл ішіндегі газет бетіне жарияланған сұхбаттары, мақалалары, эсселері, ой-толғаныстары, көсемсөздері мен әдеби-көркем дүниелері топтастырылған. Тұсаукесу рәсімінде жазушының замандас достары мен қаламдас іні-бауырлары жиналған шарада Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов бастаған ел ағалары біртуар қаламгер шығармашылығы мен қайраткерлігі жайлы сыр шертіп, жылы лебіздерін білдірді.

Шерхан Мұртаза атындағы турнир
©Egemen.kz

Мерейтойда «Ай мен Айша» кітабын түрік тіліне аударып, алғашқы данасын әкелген аудармашы-жазушы Мәлік Отарбаев кітапты түрік тіліне қалай аударғаны туралы айтып берді.

«Бұл байыпты дайындықты қажет ететін жұмыс еді. Кейіннен кітапты қазақшадан түрікшеге екі жылдай жүріп аударған соң Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Түркияның Анкара қаласындағы Еуразия жазушылар қауымдастығының «Бенгу» деп аталатын баспасынан жарыққа шығардық. Аталмыш қауымдастық биыл түркі дүниесі әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Шер-ағаңа арнайы сыйлық тағайындап әрі осы кітаптың шығуына мұрындық болды. Кітапты оқып шығу бір бөлек те, оқып отырып аудару бір бөлек қой. Әр сөздің мағынасына терең үңіліп отырып, бұл романның тек қазақ оқырманы үшін ғана құнды дүние емес, жалпы адамзат тарихындағы өлмес туындылардың бірі екенін сезінесіз», – деді.

Бильярд турнирі шарасына қатысқан «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл шара жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналмақ.

«Бұрын Алматыда Сейдахмет Бердіқұлов атындағы футболдан дәстүрлі шара болатын, бірақ ол қазір Астанада өтетін болды. Ал Шер-ағаңның сүйікті ойыны болған тастаяқтың бұдан былай Алматыдағы зиялы қауымның басын қосатын, жылда осы уақытта өткізілетін дәстүрлі шараға айналарына күмән жоқ», – деді ол.

Аталмыш турнир қатысушыларының «Ақсақалдар» тобынан өз мергендігімен көзге түскен сатирик жазушы Толымбек Әлімбекұлы ынталандыру сыйлығына ие болды. Белгілі ғалым, профессор Намазалы Омашев 3-ші орынды, генерал-майор Әділ Шаяхметов 2-ші орынды, ал 1-ші орынды журналист-жазушы Аяған Сандыбай иеленді. Сондай-ақ, «Жастар» тобынан «Ан-Арыс» баспасының Бас редакторы, ақын Кәдірбек Құныпияұлына ынталандыру сыйлығы бұйырса, 3-ші орынды саясаттанушы Айдос Сарым, 2-ші орынды «Қазақ әдебиетінің» Бас редакторы Жанарбек Әшімжан, 1-ші орынды жазушы-журналист Бекет Момынқұл ұтып алды.

Айта кетейік, шара соңында Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабының орыс тіліне аударылған нұсқасы келуші қонақтарға таратылды. Аударма авторы — Бауыржан Момышұлының немере інісі, жазушы Бекет Момынқұл.

ДереккөзEgemen.kz