Көкшетауда «Әкеден қалған бiр өнер» қалалық байқауы өтті

Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасындағы кәсiби және басқа да мерекелер туралы» 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына сәйкес елiмiзде қыркүйек айының екiншi жексенбiсi «Отбасы күнi» ретiнде аталып өтiледi.

«Шаңырақ» әлеуметтiк-психологиялық және зерттеу қоры ұйымдастырған «Әкеден қалған бiр өнер» қалалық байқауының негiзгi мақсаты: отбасы тәрбиесiндегi әкенiң рөлiн көтеру; отбасылық қарым-қатынастағы рухани-адамгершiлiк қасиеттерiн дамыту; әке мен баланың қарым-қатынасын нығайту.

Бiрнеше кезеңнен тұрған жоба ең алдымен қатысушылардың қызығушылығын танытты. Мысалы: кез келген жерде бұтақтардан үй жасап шығару, шырпысыз от табу, балық аулау, т.б.

Тәрбиелiк маңызы мол алғашқы шараға қатысушылардың да қатары аз болмады. Солардың бiрi — iшкi iстер органдарының ардагерi, запастағы подполковник Марат Кәмелинов. Саналы ғұмырын қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге арнаған ардагер, зейнет демалысына шықса да, қаланың қоғамдық өмiрiне белсене араласып, әрдайым көпшiлiктiң назарынан тыс қалмайтын жандардың бiрi екенiн байқатты. Ағаштардың ортасында гүлдерден тоқылып, құрастырылған киiз үй ерекше көркiмен тартып тұрды. Бiр отбасы сыйып кететiн шаңырақ iшiнде қызыл түстi алаша төселiп, қонақ шақырып тұрғандай… Бiр қарағаннан-ақ азаматтың бойындағы тұнып тұрған, шығармашылық қабiлетi мол, ұшқыр ойлы тұлғаны байқап әңгiмеге тарттым. Өмiрiмде шығармашыл адамдармен көп кездестiм. Бiрi сурет салып, кес-те тоқыса, ендi бiрi ағаш ою, күмiс құюмен айналысады.

Марат Кәмелиновтың таңдаған ермегi кез келген адамдардың қолынан келе бермейтiн iс екен. Бала жасынан үй маңында жататын сымдарды жинап, оларды iске жарататын жолдарын iздеумен айналысқан. Оның сымнан жасалған алғашқы туындысы 1970 жылдары «Волга» марқалы автокөлiктiң каркасы болды. Туысқандардың көңiлiнен шыққан алғашқы еңбегi ауылдың баласын одан әрi шабыттандыра түседi. Сөйтiп, жұмыстан бос уақытында сымнан түрлi формада техникалық құралдарды жасап үйренген Марат Кәмелиновтың қорында тарихи маңызын жоғалтпаған 400-ден астам құралдар жиналған. Оның iшiнде: өз қызметiнде пайдаланған тапаншалар, милиция қызметкерiнiң бас киiмi, Кеңес тұсындағы тәртiп сақшыларының көлiгi «УАЗ», тiптi ауыр жүк таситың машиналардың үлгiсiн кездестiруге болады. Әрине, сымды жiптей қолдана бiлген шебердiң гүлдерден тоқылған киiз үйдi 2 сағаттың iшiнде жасап шығарғанына қалайша таң қалмасқа. Кiшкентай Дина есiмдi қызының ойын жеткiзуге Гаухар жарымен бар шеберлiгiн ортаға салған Марат Советұлының өмiрлiк позициясы бүгiнгi жас семьяларға үлгi-өнеге десем артық айтқандық емес. Өз iсiнiң хас шеберi Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай авторлық туындысын iшкi iстер департаментiнiң мұражайына сыйға тартыпты.

Атына заты сай «Шаңырақ» әлеуметтiк-психологиялық және зерттеу қоры ұйымдастырған аталмыш шараға қатысқан әрбiр отбасы үшiн мұндай игiлiктi жоба керемет әсер қалдырғаны сөзсiз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!