«Qazaqstan» арнасында халықаралық мегажоба басталады

Жоба заманауи музыкалық контенттің алуан түрлілігі мен ауқымының кеңдігімен ғана ерекшеленбейді. Басты мақсаты — мемлекеттердің қарым-қатынасын біріктіру, жаңа музыкалық дәстүрді орнату.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қарин хабарлады.

«Бұл — халықаралық деңгейдегі маңызды жоба. Жобаның атауын «Жібек Жолы Жұлдызы» деп қойғанымыз сондықтан. Жобаның ерекшелігі, біріншіден тұтастай, яғни идеясынан бастап құрылымына дейін өзіміздің өніміміз. Бұл біздің арнаның әріптестерінің арнайы ұйымдастырған жобасы, яғни шетелдік телеарналардан көшірілген франшиза емес. Екіншіден, бұл халықаралық деңгейдегі үлкен жоба», — дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, ҰлыЖібек Жолының бойында орналасқан Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Грузия, Ресей Федерациясының: Татарстан, Башқұрстан сияқты елдерінің жарқын жұлдыздары бір сахнада бақ сынасады. Еліміздің атынан мегажобада Айқын Төлепберген бақ сынайды.

«Әр мемлекеттен бір орындаушы бақ сынайды, яғни 9 мемлекет қатысатын болса, 9 әнші ән сайысына қатысады. Бұлар жас орындаушылар емес, өз елдеріне танымал, атағы шыққан өнерпаздар. Неліктен біз әншілерді осылай таңдадық? Олар танымал болғандықтан, өз елдерінде қазақ әндерін орындап, өз елдерінде жоғары деңгейде насихаттай алады. Сондықтан, дәл осыған біз баса назар аударып, сол елдердің атақты әншілерін шақырдық. Қазақстан тарапынан ұзақ ойланып, жан-жақтан сараптап, Айқын Төлепбергенді шығарып отырмыз. Біздің еліміздің атын жоғары деңгейде қорғайды деген үміттеміз», — дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Айта кетейік, жоба 12 концерттен тұрады.«Жібек Жолы Жұлдызы» Ұлттық арнада бірнеше ай бойына аптасына бір рет көрсетілетін болады.

ДереккөзKazinform.kz