Зеленов ауданына 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

Облыс əкімі қадағалаған нысандардың бірі — Переметное ауылында салынып жатқан 160 орындық дене шынықтыру жəне сауықтыру кешені. Бұл нысанның құрылысы мамыр айында басталған,  қараша айында аяқталады деп күтілуде. Қазір құрылыс жұмыстарының 86%-ы орындалған.

Сондай-ақ облыс əкімі Деркөл өзеніндегі су бөгетінің құрылыс барысын көрді. Айта кету керек, бөгет 5 млн.текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік  береді. Құрылыс қараша айында аяқталмақ.

— Өңірлерде инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шаралардың барлығы мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан істер. Қазір Переметное ауылындағы дене шынықтыру жəне сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып қалды. Бұл кешеннің өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді спортқа баулуға зор септігін тигізері анық.
Нысан барлық соңғы талаптарға  сай салынуда. Сондай- ақ аудан тұрғындары есептік кездесулер кезінде су бөгеті қажет екендігін айтқан болатын. Бүгін міне, сол бөгет құрылысын көрдік.. Көктем кезінде ауыл тұрғындарына қажетті техникалық суды жинап алуға енді толық мүмкіндік болады. Бөгет жұмысы аяқталса, жиналған суды аудан орталығы мен Полевая, Қаражар, Зеленый ауылдары пайдалана алады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Дариян ауылында 300 орындық мектеп құрылысы жүруде. Оған қосымша 100 оқушыға арналған интернаты болады. Мектеп пен интернат құрылысына 1 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Оның жартысы түсіп, игерілу үстінде. Бұған қоса Дариян ауылында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Дариян — Кирсанов бағытындағы жұмыстар да бітуге жақын. Екі көпір ғана қалды. Барлығының сапалы əрі уақытылы орындалуын талап ететін боламыз,  — деді облыс əкімі.

Бұдан бөлек ауданда сумен қамтамасыз ету нысандары қайта жөнделуде жəне  балаларға арналған ойын алаңының құрылысы жүріп жатыр. Айта кету керек, балаларға арналған ойын алаңдарының құрылысына жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсеткен.