Есіл ауданында 1152 бала жаңартылған білім бағдарламасымен оқып жатыр

Бағдарламаға сай белгіленген оқулықтарды сатып алу үшін 28 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ, аудан бойынша барлық оқушыны қажетті кітаптармен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен қосымша тағы үш миллион теңгеден аса қаржы бөлінген. Қазір ұстаздар қауымы егер оқыту жүйесі бес күн деп белгіленген болса, біз соған міндетті түрде сай болуға тиістіміз дейді.

Есіл қаласында орналасқан Сайлау Серіков атындағы орта мектепте сегіз жүзге тарта оқушы бар. Ал, ұстаздардың қатары 70-ті құрайды. Жетпіс бес жылға жуық балаларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан оқу орнының оқушылары үшін жақында робототехника кабинеті ашылған. Бұл жаңалықтың оқушылар үшін тиімділігі зор дейді ұстаздар.

Айта кетейік, заман талабына сай білім беру үшін ұстаздардың да біліктілігі тиісті өреге сай болуы қажет. Осы мақсатта аудан бойынша келер жылы 35, ал 2019 жылы тағы 36 мұғалім арнайы тіл курстарынан өтпек.