Ұйқымен күрес: Сіз тағы да кешігіп қалдыңыз! 

Ерте тұру үшін ерте ұйықтау керек

Уақытты жоспарлау арқылы бар шаруаны күн тәртібімен жасау керек. «Мен кешке ертерек жата алмаймын» деп айту — жай ғана сылтау. Адам организмі кем дегенде 2-3 күн қиналады, кейін сол дағдыға үйреніп кетеді. Әлеуметтік желімен, инстаграммен ұйқыға кетемін деп ойламаңыз! Міндетті түрде кітап немесе газет оқып ұйқыға кетіңіз және қажетсіз сериалдардан бас тартыңыз.

Оятқышты дұрыс әрі тиісті жерге қою керек

Оятқышты нақты уақытына және сіз тұрып өшіруді қажет ететіндей алысырақ қойыңыз. Телефондағы немесе бөлмедегі сағатты уақытынан ертерек қойып, өз-өзіңізді алдамаңыз.

«Тағы 5-10 минут» деген сөзді ұмытыңыз

Көп адамның қателігі сол, ол оятқыш шырылдаған уақытта бірден тұрып кетпейді, қайта 10 минутқа шегеріп қояды да, ұйқым қанады деген үмітпен жастыққа жантаяды. Кейін сол 10 минут бірнеше рет кейінге ығыстырылады.  Ал зерттеу жұмыстары сол 10 минутта адамның ұйқысы мүлде қанбайтынын, керісінше, өзін шаршаңқы сезініп, жұмысына жаман әсер ететінін дәлелдеген.

Ұйқыға кедергі келтіретін заттардан бас тартыңыз

Бұл ер азаматтарда алкоголь, кофейн, плейстейшн, футбол, ал әйелдерде бітпейтін сериалдары мен түнгі қыдырулар мен әлеуметтік желіге байлану т.б.

Күніңізді ең сүйікті ісіңізден бастаңыз

Таңда құрылған жоспар – ең сәтті, әрі қажетті жоспар саналады. 15-20 минут сыртта жүріп келіңіз. Күннің қалай атып келе жатқанын тамашалаңыз. Пайдалы әрі маңызды істі таңертеңгі уақытқа жоспарлаңыз. Қосымша барып жүрген үйірмелеріңізді, маңызды кездесулерді  таңғы 9-ға жылжытыңыз. Бір жерге шығатын кезде, әдемі әрі тез дайындалып үйреніңіз. Ал таңғы ас ішудің пайдасы айтпаса да түсінікті.