Бүгіннен бастап «Хабар» арнасында «Қария» фильмі көрсетіледі

«Қария» телехикаясы «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген. Аталмыш драма 12 сериядан тұрады.

Телехикая мазмұнында ата-ананың қадірін бағаламау сияқты қоғамдағы маңызды мәселе көрсетіледі.

«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Ринат Кертаевтың айтуынша, фильмнің негізгі мақсаты — келешек ұрпаққа қазақы болмыстағы дүниелерді көрсету.

«Әлеуметтік тақырыпты алудағы басты мақсат – әрбір қазақстандықтың өмірінде, әрбір қазақ отбасында болып жатқан дүниелерді экран арқылы көрсету. Сол арқылы жалпы көрермен қауымға, өсіп келе жатқан ұрпаққа отбасылық құндылықтардың, дәстүрлі қазақы болмыстағы дүниелердің қашан да маңызды екендігін, онсыз біздің алысқа бармайтынымызды көрсету. Фильмде басты кейіпкердің тарихымен бірге бауыр еті балаларынан теперіш көріп қарттар үйіне түскен өзге де адамдардың тағдыры  суреттеледі» ,- деді ол.

Биыл «Хабар» телеарнасы отандық 14 телесериал ұсынып отыр. Жыл басынан бері бірнеше премьера өтті. Ал күзгі маусымдағы әлеуметтік телехикаялар топтамасын «Қария» драмасымен бастағалы отыр.

Айта кетейік, «Қария» телехикаясының алғашқы сериалы бүгін кешкі сағат 20:10-да «Хабар» арнасында көрсетіледі.

Дереккөз24.kz