Басты бетБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысының әкімі Назарбаев зияткерлік мектебіне барды

Елбасы атындағы білім ордасының шәкірттері өткен оқу жылында үлкен табысқа жеткен. Атап айтқанда 2 оқушы халықаралық, 31 оқушы республикалық, 35 оқушы облыстық олимпиада, ғылыми жобалар байқаулары мен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанған. Сондай-ақ оралдықтар Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткен желілік пәндік олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық мектеп» атағын иемденген. 2017 жылдың 3-4 шілде аралығында Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесі аясында ұйымдастырылған республикалық робототехника олимпиадасында мектеп оқушылары ең үздік нәтиже көрсетіп, бес бірдей жүлделі орыннан көрінген. Жеңімпаздар осы жылдың қараша айында Коста-Рикада өтетін халықаралық жарысқа жолдама алыпты.

— Елімізде жаңа заманға сай алғашқы мектеп 1841 жылы Жәңгір ханның қолдауымен бүгінгі Батыс Қазақстан облысының аумағында ашылған екен. Биылғы жыл Елбасымыздың рухани жаңғыру бағытында жариялаған мақаласымен ерекше болып отыр. Тарихымызды білу, мәдениетімізді көтеру, ел бірлігін нығайту, сонымен бірге заманауи талаптарға сай болу – аталмыш мақалада көтерілген басты мәселе. Мектептерде жыл сайын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде облысымызда 10 білім ошағы салынуда. Оның 8-і жаңадан ашылатын мектеп. Орал қаласында 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр, — деді салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Алтай Көлгінов.

Облыс әкімі шараның құрметті қонақтарымен, сондай-ақ аталмыш мектепке жаңадан қабылданған 7 сынып оқушыларымен бірге мектеп ауласына алма ағашының көшеттерін отырғызды. Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, биыл 7 сыныпқа 680 талапкердің ішінен іріктелген 80 оқушы қабылданған.