Зергердің туындысындай әсем табиғатымен ерекшеленетін Зеренді өңірі бүгінде қазақстандықтар мен шетелдік туристердің көз жауын алады. Сондай-ақ терең тарих қойнауына кететін ескі қорымдар мен ежелгі балбал тастары археологтардың зерттеу, зерделеу нысанына айналған.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен қолға алынған пресс-турдың қатысушылары аймақтың он шақты ауданына атбасын тіреп, іргелі кәсіпорындар мен көрікті жерлерді аралады.
Зеренді ауданындағы табиғаты тамылжыған «Орманды бұлақ», Сандықтаудың гранит тау-төбелері мен Қорғалжынның табиғи қорығы Ақмола аймағының туристік әлеуетін айшықтап тұр. Ал, ел экономикасының қарыштап дамуына елеулі үлес қосып отырған алпауыт зауыттар мен шаруасын ширатқан агрофирмалар бүгінде өңірдің ұлттық бренді ретінде қалыптасып отыр, — деуге толық негіз бар.